Алматыдағы арнайы операция: қауіпті топ ұсталды

0
156

ІІМ елдегі, оның ішінде ірі мегаполистердегі жедел ахуал құқық қорғау органдарының тұрақты бақылауында екенін атап өтті.


Алматыдағы арнайы операция: қауіпті топ ұсталды

фото: видеодан скрин

ERNUR.KZ. 3 маусымда Алматы Полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері ҰҚК және прокуратура өкілдерімен бірлесіп, бірқатар ауыр қылмыс жасады деген күдікке ілінген адамдар тобын ұстады, деп жазады tengrinews.kz.

Олардың бір эпизодында күдіктілер шетел азаматына күш қолданып, қорқыту арқылы оны жалдамалы пәтерде заңсыз ұстағаны және қысым көрсету арқылы бес миллион теңге көлеміндегі қаражатын тартып алғаны анықталған.

"Сондай-ақ заңсыз қару сақтау және құқыққа қайшы жанжалдарға қатысу фактілері тіркелді. 25 тінту жүргізіліп, нәтижесінде жеті тапанша, оқ-дәрілер, суық қарулар мен есірткі заттары тәркіленді.
Анықталған барлық деректер бойынша қылмыстық істер қозғалды. Барлық күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, заңға сәйкес қатаң жауапкершілікке тартылады," - деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.

ІІМ елдегі, оның ішінде ірі мегаполистердегі жедел ахуал құқық қорғау органдарының тұрақты бақылауында екенін атап өтті.