Алматыда полицей әйелін үш баласының көзінше пышақтап өлтірген

0
125

Қатыгез күйеу қылмыстан соң өзіне де қол салуға әрекеттеніп, тамағын және ішін пышақпен тілген.


Алматыда полицей әйелін үш баласының көзінше пышақтап өлтірген

фото: Ашық дереккөзден

ERNUR.KZ. Алматыда бұрынғы полиция қызметкері жұбайын балалардың көз алдында өлтіріп, артынша өзіне қол салмақ болған. Жантүршігерлік оқиға сенбі күні күндіз Наурызбай ауданында болған, деп жазады ulysmedia.kz.

39 жастағы ер адам өз үйінде 34 жастағы әйеліне бірнеше рет пышақ сұққан. Ауыр жарақат алған келіншек жедел жәрдем келгенше жан тапсырған. Қанды оқиғаның барлығы ерлі-зайыптының үш баласының көз алдында болған. Дәл осы балалар көршілерінен көмек сұрап, шырылдаған.

Көршілердің айтуынша, алғашқы болып көмекке жүгірген кішкентай қыздары мен үлкен ұлы болған. Олар болған жайтты көргенде есін жиып үлгеріп, полиция мен жедел жәрдемге хабар берген.

- Үйдің жанында жүргенбіз. Балалар көмек сұрап жүгіріп шықты. Барсақ, әйел адам пышақталған екен. 103 пен 102 шақырылды. 4-5 минутта жетті. Кейін көмек көрсете бастады, – дейді куәгерлердің бірі.

Қатыгез күйеу қылмыстан соң өзіне де қол салуға әрекеттеніп, тамағын және ішін пышақпен тілген. Дегенмен дәрігерлер дер кезінде көмек көрсетіп, аман алып қалған. Қазір оның жағдайы орташа ауыр деп бағаланып, жансақтау бөлімінен хирургия бөліміне ауыстырылған. Ол қазір ауруханада күзетпен жатыр.

Көршілер бұл отбасында бұрыннан бері жанжал жиі болатынын, ер адамның үнемі ішімдік ішетінін айтқан. Қылмысқа тұрмыстық жанжал себеп болғаны анықталды.

- Ол үнемі ішімдік ішетін. Пәтерден ұрыс-керіс тынбайтын. Әйелімен жиі жанжалдасатын, – дейді тұрғындар.

Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, адам өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс тіркеліп, тергеу жүргізілуде.

- Күдікті бұрын Алматы облыстық полиция департаментіне қарасты бөлімдердің бірінде қызмет атқарған, – деді ресми өкіл.

Бейресми дерекке сүйенсек, полицей бұл оқиға болған күні жұмысынан босаған жоқ, тіпті кезекшіліктен шыққаны белгілі. Қаза тапқан әйел — Ұзынағаш ауылындағы балабақшалардың бірінде директор қызметін атқарған.