Алматы қаласы әкімдігінде жекеменшік мектептердің бірінде болған буллинг оқиғасына қатысты ақпаратты растады.
ERNUR.KZ. Аталған жағдайдан кейін оқушы қыз жансақтау бөліміне түскен. Осы дерек бойынша арнайы мониторингтік топ құрылып, тергеу басталды, деп жазады baq.kz.
Алматы қалалық Білім басқармасының мәліметінше, қала басшылығының тапсырмасымен ведомствоаралық комиссия жасақталған.
Алматы қаласының Білім басқармасы аталған оқиғаға байланысты арнайы мониторингтік топтың құрылғанын хабарлайды. Оның құрамына басқарманың бейінді мамандары, Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің өкілдері, психологиялық қолдау орталықтары мен балалар құқығын қорғау ұйымдарының мамандары, сондай-ақ Қоғамдық кеңес пен құқық қорғау органдарының өкілдері кірді, - делінген ресми хабарламада.
Аталған топтың жұмысына Алматы қалалық Полиция департаментінің Наурызбай ауданы полиция басқармасы мен ювеналды полиция қызметкерлері де тартылғаны атап өтілді.
Қазіргі таңда мониторингтік топ жекеменшік мектепте тікелей жұмысын бастап кетті. Оқиғаның мән-жайы жан-жақты зерделенуде. Тексеру нәтижесі бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес барлық қажетті шаралар қабылданады. Бұл мәселе ерекше бақылауда, - деп мәлімдеді әкімдікте.
Сонымен қатар, оқиға бойынша құқық қорғау органдары да тергеу жүргізіп жатыр. Алматы қалалық Полиция департаменті бұл дерекке байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын хабарлады.
Алматы қаласы Наурызбай ауданы полиция басқармасы аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта болған жайттың барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде, - деп хабарлады полиция.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, тергеу қорытындысы бойынша жауапты тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға беріліп, заң аясында тиісті процессуалдық шешімдер қабылданады.
Бұл оқиға туралы ақпарат бұған дейін әлеуметтік желілерде жарияланған. Жәбірленуші қыздың әкесі өз жазбасында ұзақ уақыт бойы сыныптастары тарапынан көрсетілген қорлау мен қудалау туралы мектеп әкімшілігіне шағымданғанын, алайда мәселенің тиісті деңгейде шешілмегенін мәлімдеген.
Оның айтуынша, мектеп басшылығынан бірнеше рет буллингті тоқтатуды сұрағанымен, тек формалды жауаптар алған. Ал оқиға болған күні баланың жағдайы күрт нашарлап, жансақтау бөліміне жеткізілген. Әкесі бұл істің жан-жақты тергелуін және жағдайдан хабардар бола тұра шара қолданбаған барлық тұлғалардың жауапкершілікке тартылуын талап ететінін жеткізді.


