Жаңа экспозициялық бөлім Ш.Қалдаяқов көшесі жағындағы ашық алаңда орналасқан.
Алматыда Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың Жауынгерлік даңқ музейінің жаңа «Ашық аспан астындағы музей» бөлімінің салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ қала әкімдігіне сілтеме жасап.
Жаңа экспозициялық бөлім Ш.Қалдаяқов көшесі жағындағы ашық алаңда орналасқан. Мұнда 30-дан астам түпнұсқа және қалпына келтірілген әскери техника үлгілері қойылған. Барлық экспонат қалпына келтіріліп, техникалық сипаттамалар мен тарихи мәліметтер жазылған тақталармен жабдықталған.
Экспозицияда Жеңістің символына айналған Т-34 танкі, аты аңызға айналған БМ-13 «Катюша» зымыран тасығышы, сондай-ақ Т-44 және Т-55 сияқты кеңестік танкілер бар. Сонымен қатар, БТР-40, БРДМ-1 және БРДМ-2 бронетранспортерлері, БМП-1 жаяу әскердің жауынгерлік машинасы, әртүрлі гаубицалар, минометтер, зениттік және далалық артиллерия құралдары қойылған.
Көрмедегі ерекше қызығушылық тудыратындар – шетелдік сирек үлгілер: 120 мм «Финуляну» минометі (Швеция), 158 мм «Кебельверх-41» минометі (Германия) және 105 мм M-2A1 HOWITZER гаубицасы (АҚШ). Сондай-ақ, 203 мм БЛ-39 гаубицасы, 122 мм М-30 гаубицасы, 100 мм БС-3 далалық зеңбірегі, ЗПУ-2 және С-60 зениттік құрылғылары, ПМ-120 және М-240 минометтері сынды артиллериялық техника да көрмеге қойылған.
Жауынгерлік даңқ музейі 1965 жылы құрылған және ол Алматыдағы әскери-патриоттық тәрбие берудің маңызды орталығы саналады. Музей топтамасы XIX ғасырдан қазіргі күнге дейінгі Қазақстанның әскери тарихын қамтиды. Негізгі қор майдангерлердің түпнұсқа құжаттары, фотосуреттері, хаттары, марапаттары мен жеке заттарынан тұрады. Материалдардың елеулі бөлігін генерал Панфиловтың қызы – Панфилов дивизиясының ардагері Валентина Панфилова тапсырған.