Алматы тауларында жаңа аспалы жол салынады

0
130

Жобаны үш жыл ішінде жүзеге асыру жоспарланып отыр.


Алматы тауларында жаңа аспалы жол салынады

фото: 24.kz

ERNUR.KZ. Алматы тауларында төрт шақырымға жуық биіктікте жаңа аспалы жол салынады. Нысан әлемдегі осы тектес құрылыстардың ішіндегі ең күрделі әрі ұзын үштікке енуі мүмкін, деп жазады tengrinews.kz.

Чкалов шыңына баратын тірексіз маятникті желі "Шымбұлақ" тау шаңғысы курортының 3200 метр биіктіктегі ең жоғарғы нүктесінен басталып, шамамен 3800 метр белгісінде аяқталады. Мамандар мен жабдықтар тікұшақтар арқылы жеткізіледі. Жобаны үш жыл ішінде жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар "Шымбұлақта" S-5 тау шаңғысы аспалы жолы салынып жатыр. Құрылысшылар бетон жұмыстарын аяқтап үлгерді. Жыл соңына дейін жасанды қар жаудыру жүйесі мен автоматты көшкіннен қорғау жүйесі іске қосылады.

Ал Бутаков шатқалында үш жаңа желіге рұқсат алынды. Бұл ретте табиғи-климаттық жағдайлар мен логистикалық қиындықтарға байланысты биік таулы аймақтағы жұмыс уақыты өте шектеулі. Бастама Алматы тау кластерін дамыту аясында жүзеге асырылып жатыр.

"Құрылыс маусымы шын мәнінде өте қысқа, шамамен 3-3,5 айды құрайды. Соған байланысты мердігер ұйымдар қысқа мерзім ішінде ауқымды коммуникация желілерін тартып, жабдықтарды монтаждап, сапасы ұзақ жылдарға жететін бетон құйып, шаңғышыларымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуі керек", – деді Almaty Tau Management басқарма төрағасының орынбасары Александр Руденко.