Іздестіру-құтқару операциясын жүргізу үшін министрліктің Республикалық жедел-құтқару жасағының кезекші тобы дереу жолға шыққан.
Сурет: Zakon.kz
ERNUR.KZ. 15 шілде күні құтқарушыларға Медеу ауданындағы Альпинград тауы маңында туристің өздігінен төмен түсе алмай жатқаны туралы хабарлама келіп түсті – ер адам аяғын тайдырып алған. Геолокация анықталмағанымен, зардап шеккен адаммен байланыс үзілмеген, деп жазады zakon.kz.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, іздестіру-құтқару операциясын жүргізу үшін министрліктің Республикалық жедел-құтқару жасағының кезекші тобы дереу жолға шыққан.
"Құтқарушылар алдымен Мыңжылқы шатқалына дейін 9 шақырым жолды еңсеріп, содан кейін таулы аймақпен жаяу көтерілуді жалғастырды. Олар 29 жастағы ер адамға жетіп, алғашқы медициналық көмек көрсетті", - делінген хабарламада.
Құтқару операциясы сәтті аяқталды – турист 3400 метр биіктіктен аман-есен эвакуацияланды.