Алматы облысында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасына жыл басынан бері 614 мыңнан астам адам қатысты

0
191

Алматы облысында дәстүрге айналған «Таза бейсенбі» акциясы өтті.


Алматы облысында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасына жыл басынан бері 614 мыңнан астам адам қатысты

ERNUR.KZ. Шара «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Сенбілікке облыс бойынша 25 мыңға жуық адам атсалысып, нәтижесінде 545 тонна қоқыс шығарылды, 302 гектар аумақ тазартылды, деп хабарлайды өңір әкімдігі.

Бүгінгі акцияның басты ерекшелігі – қатысушылар тазалық жұмысын жүргізіп қана қойған жоқ, сонымен қатар бос жұмыс орындар жәрмеңкесіне қатысып, өзіне лайықты жұмыс табу мүмкіндігіне ие болды

Шараға әкімдік пен мемлекеттік орган қызметкерлері, қоғамдық ұйым өкілдері, жастар мен еріктілер, жергілікті тұрғындар үлесін қосты.

Қонаев қаласында өткен жәрмеңкеге өнеркәсіп, құрылыс, логистика мен қызмет көрсету саласының кәсіпорындары, сондай-ақ құқық қорғау органдары, төтенше жағдайлар қызметі мен денсаулық сақтау мекемелері бос жұмыс орындарын ұсынды. Қызығушылық танытқандардың дені – жастар. Оларға толық мәлімет беріліп, еңбек жағдайы, жалақы мөлшері мен талаптары түсіндірілді. Нәтижесінде 10-ға жуық адам тұрақты жұмысқа орналасу туралы келісімге келіп, бірқатары қоғамдық жұмысқа тартылды, кейбірі әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілді. Сондай-ақ «Жастар практикасы» бағдарламасына ұсынылған азаматтар да болды.

Ал Алатау қаласындағы Заречний ықшамауданында өткен сенбілікте 170-ке жуық тұрғын жол жиегі мен аулаларды қоқыстан тазартып, көгалдандыру жұмысын жүргізді. Солардың бірі – Риза Сауырбаева.

«Әр бейсенбі біз үшін – мереке. Себебі «Таза Қазақстан» бағдарламасын қолдап, ауызбіршілікпен еліміздің көркеюіне атсалысамыз. Мысалы, алдыңғы бейсенбіде бір көшеде тұратын көршілер бірігіп, дәл жанымыздағы тоғайды тазаладық. Бүгін де қалыс қалғанымыз жоқ. Бұл Қазақстанға деген сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі деп ойлаймын. Оны тек сөзбен емес, іспен дәлелдеу керек. Еліміздің таза болуы өзіміздің қолымызда! «Таза Қазақстан» әрі қарай жалғаса берсін», – деді ол.

Жыл басынан бері өңірде 27 сенбілік ұйымдастырылды. Оған 614 мыңнан астам адам қатысты. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 14 172 тонна қоқыс шығарылып, 8 287 гектар аумақ тазартылды. 103 881 ағаш отырғызылып, 3 757 арнайы техника жұмылдырылды.