Облыста төрт шетел азаматы ұсталды.
Алматы облысында мемлекетаралық іздеуде жүрген төрт шетелдік азамат ұсталды, деп ERNUR.KZ Polisia.kz. сілтеме жасап
Облыс аумағында өткен аптада жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде көрші республика азаматтарының жүрген жері анықталып, олар қолға түсті. Ұсталғандар – 1981 жылы туған әйел мен 1980, 1989 және 1990 жылдары туған үш ер адам. Полиция мәліметінше, олардың әрқайсысы өз елдерінде түрлі қылмыстар жасаған.
«Ұсталғандардың бірі аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін, екіншісі – азаматтарды металлургиялық комбинатқа жұмысқа орналастырамын деп алдап, іздеуде жүрген. Әйел адам ұялы телефондарды сатып, түскен ақшаны жымқырды деген күдікке ілінсе, тағы бір азамат экономикалық қылмыстар жасады деп айыпталуда», – делінген хабарламада.
Алдын ала мәлімет бойынша, күдіктілер Қазақстан аумағында жасырынып, мұнда да заңсыз әрекеттерін жалғастыруы мүмкін болған.
Қазіргі таңда барлық шетелдік азаматтар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оларды елден шығару мәселесі қаралып жатыр. Сонымен қатар басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.