Әлеуметтік желі қолданушылары Алматыдағы Қарғалы өзенінде ағып бара жатқан құбырлар бейнеленген видеоларды әзілге айналдырып, түрлі болжамдар айтқан.
Фото: threads.com/@sleepwell_kz
ERNUR.KZ. Алматыдағы Қарғалы өзенімен ағып кеткен гофрленген құбырларға қатысты тараған видеоға қала әкімдігі түсініктеме берді. Белгілі болғандай, құбырлар өзен арнасын реконструкциялау кезінде су деңгейінің күрт көтерілуінен шайылып кеткен, деп жазады stan.kz.
Әлеуметтік желі қолданушылары Алматыдағы Қарғалы өзенінде ағып бара жатқан құбырлар бейнеленген видеоларды әзілге айналдырып, түрлі болжамдар айтқан. Кейбірі мұны "құбырлардың маусымдық көші-қоны" немесе "уылдырық шашуы" деп сипаттаса, енді бірі құбырлар жұмыс маусымын аяқтап, демалысқа шықты деп қалжыңдады.
Алайда қала әкімдігі бұл жағдайға ресми түсініктеме берді. Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқармасының тапсырысы бойынша Қарғалы өзені арнасының Жандосов көшесінен Рысқұлов даңғылына дейінгі бөлігінде реконструкция жұмыстары жүргізіліп жатқан. Су бұру және құрылыс-монтаж жұмыстары аясында өзен арнасына диаметрі 600 миллиметр болатын гофрленген құбырлар уақытша орнатылған.
Әкімдіктің мәліметінше, бірнеше күн бұрын өзендегі су деңгейінің күрт көтерілуі салдарынан су ағыны уақытша салынған бөгеттерді шайып, орнатылған құбырларды да ағызып кеткен.
"Қазір жағдай тұрақты және тұрақты бақылауда. Бүлінген гофрленген құбырлар мердігер ұйымның күшімен өзен арнасынан алып тасталды", – деп хабарлады қала әкімдігінде.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда "Алматы Су" коммуналдық кәсіпорнына 295 миллион теңгеге арнайы техника сатып алу мәселесі тексеріліп жатқаны хабарланған болатын. Қоғам белсенділері техниканың нарықтағы бағадан бірнеше есе қымбатқа алынғанын айтып, экономикалық тергеп-тексеру департаментіне арыз түсірген.


