Әлеуметтік маңызы бар қосымшаларды пайдалану кезінде интернет ақысы алынбайды

0
132

Құжат байланыс қызметінің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған.


Әлеуметтік маңызы бар қосымшаларды пайдалану кезінде интернет ақысы алынбайды

Фото: Агибай Аяпбергенов / Kazinform

ERNUR.KZ. Қазақстандықтар әлеуметтік және мемлекеттік маңызы бар бірқатар мобильді қосымшаны пайдаланған кезде интернет трафигі үшін ақы төлемейді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиев мәлім етті, деп жазады inform.kz.

Оның айтуынша, бұл норма Президент 19 маусымда қол қойған телекоммуникация саласына қатысты заңда көзделген. Құжат байланыс қызметінің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
— Азаматтарға әлеуметтік және мемлекеттік маңызы бар мобильді қосымшаларға тарифтелмейтін қолжетімділік беріледі. Олардың қатарында eGov, eGov Business, eOtinish, Aitu және басқа да қосымшалар бар. Толық тізім қазір келісіліп жатыр, — деді Досжан Мұсалиев.

Аталған қосымшаларды пайдаланған кезде жұмсалған интернет трафигі абоненттің тарифтік жоспарына есептелмейді.

Сонымен қатар жаңа заң аясында абоненттік құрылғыларды верификациялау қызметі мемлекеттік реттеуге беріледі.

Вице-министрдің айтуынша, ұялы телефондарды верификациялау тетігі енгізілген бір жыл ішінде оң нәтиже байқалған. Осы кезеңде қолданыстағы жүйедегі кемшіліктер туралы қажетті мәлімет жиналды. Енді оларды құрылғыларды верификациялаудың жаңа қағидалары аясында жою жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, заңда ұялы байланыс сигналын күшейтетін құрылғыларды әкелуге қатысты жаңа талап енгізілген. Мұндай құрылғылардың бақылаусыз қолданылуы кейбір аумақта байланыс сапасының төмендеуіне себеп болған.

Осыған байланысты енді ұялы байланыс сигналын күшейтетін құрылғыларды елге тек байланыс операторлары әкеле алады. Бұл репитерлерден туындайтын кедергіні азайтып, байланыс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда 28 маусымнан бастап ұялы байланыс қызметтерін көрсету қағидаларына өзгерістер енгізіліп, операторларға абонентке келісімінсіз ақылы қызметтерді қосуға және «маяк» хабарламаларын жіберуге тыйым салынған болатын.