Еліміздің ішкі су қоймаларын жинақтау бойынша ағымдағы жағдай жалпы алғанда тұрақты.
ERNUR.KZ. 18 мамырдағы жағдай бойынша оңтүстік өңірлердің су қоймаларында 26,2 млрд текше метр су жинақталған, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1 млрд текше метрге артық. Ағымдағы вегетациялық кезеңдегі су ресурстары бойынша болжамды жағдайды ескере отырып, ел бойынша 1,2 млн га суармалы жерді суару үшін шамамен 11 текше км су алу жоспарлануда. Бұл туралы ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы Сейілбек Нұрымбетов ОКҚ алаңында хабарлады.
Балқаш-Алакөл бассейніндегі су қоймаларының толымдылығы 97%-ды құрайды. Қапшағай су қоймасы 98%-ға толған. 2026 жылға арналған су пайдалану лимиттері Алматы облысы бойынша – 2,1 млрд текше метр, Жетісу облысы бойынша – 1,8 млрд текше метр болып бекітілген.
«Жинақталған ресурстар көлемінің салыстырмалы түрде жоғары болуына қарамастан, Алматы облысында Күрті су қоймасы ауданында су тапшылығы тәуекелдері сақталуда. Су қоймасының ағымдағы көлемі 59,5 млн текше метрді құрайды, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 41,9 млн текше метрге аз. Шу-Талас бассейнінде су қоймалары 71%-ға толған. Мұнда Қырғызстан аумағында орналасқан Киров және Орто-Токой су қоймаларының төмен деңгейде толуы алаңдаушылық туғызады. Бүгінде бұл су қоймалары орта есеппен 77%-ға толған», – деді Комитет төрағасы.
Осыған байланысты 2026 жылға арналған су пайдалану лимиті мұнда 1,2 млрд текше метрден 900 млн текше метрге дейін қысқартылды.
Суару кезеңінде су тапшылығы тәуекелдерін барынша азайту мақсатында Министрлік Шу-Талас су шаруашылығы комиссиясының 17 сәуірдегі отырысында вегетациялық маусымға арналған су беру кестелерін бекітті. Оған сәйкес, Шу өзені бойынша болжамды ағын көлемі 170 млн текше метр, Талас өзені бойынша – 340 млн текше метрді құрайды. Көрсетілген көлемдерге қол жеткізілген жағдайда суару маусымы өткен жылғы деңгей шегінде өтеді. Арал-Сырдария бассейнінде ірі су қоймалары 73%-ға толған, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 12%-ға жоғары. Шардара су қоймасы 99%-ға толған.
Биыл 4-5 мамырда Ташкент қаласында өткен Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның су шаруашылығы және энергетика ведомстволары басшыларының кездесуі қорытындысы бойынша Үшқорған ГЭС-інің жұмыс режимдері бойынша уағдаластықтарға қол жеткізілді: мамырда ағызу көлемі 350 м³/с, маусымда – 460 текше метр/с болады. Бекітілген көрсеткіштер «Бахри-Точик» су қоймасына тұрақты су жеткізуді қамтамасыз етеді.
«Достық» мемлекетаралық каналы бойынша тұрақты сумен қамтамасыз ету мақсатында мамыр айының соңына дейін Қазақстан – Тәжікстан – Өзбекстан арасындағы «Бахри-Точик» су қоймасының маусым-тамыз айларындағы жұмыс режиміне қатысты үшжақты кестеге қол қою күтілуде.
Қалыптасып отырған гидрологиялық жағдайды және Мемлекетаралық үйлестіру су шаруашылығы комиссиясының шешімдерін ескере отырып, Қызылорда облысы үшін тұрақты суару бойынша су пайдалану лимиті 3,2 млрд текше метр, Түркістан облысы үшін – 3,8 млрд текше метр көлемінде белгіленді.


