Әйел такси тоқтатып, жол бойы жүргізушімен әңгімелескен.
Фото: Magnific.com
ERNUR.KZ. Ақтөбеде 29 жастағы әйел танысқан ер адамды жеке видеосымен қорқытып, бірнеше рет ақша талап еткен, деп жазады stan.kz.
Оқиға Жаңақоныс ауданында басталған. Әйел такси тоқтатып, жол бойы жүргізушімен әңгімелескен. Кейін екеуі телефон нөмірлерімен алмасқан.
Келесі күні жолаушы жүргізушіге дауыстық хабарлама жіберіп, оның ұнағанын айтып, кездесуге шақырған.
Екеуі 11-шағынауданда жалдамалы пәтерде кездескен. Жақын қарым-қатынастан кейін ер адам жуынуға кеткен кезде әйел оны жалаңаш күйінде жасырын видеоға түсіріп алған. Сондай-ақ оның әйелінің телефон нөмірін жазып алған.
Келесі күні әйел видеоны ер адамға жіберіп, ақша бермесе, оны туыстарына тарататынын айтқан. Бұған қоса полицияға зорлық жасады деп арыз жазатынын айтып қорқытқан. Видеоны таратпау үшін 200 мың теңге талап еткен.
Ер адам ақшаны шешіп алып, әйелге кездескен кезде берген. Алайда талап мұнымен тоқтамаған. Әйел оның кездесуге 50 минут кешіккенін айтып, тағы 50 мың теңге сұраған.
Осыдан кейін де әйел ақша талап етуін тоқтатпаған. Ер адам жеке өміріне қатысты видео жұртқа тарап кетпеуі үшін әйелге жалпы 420 мың теңге берген.
Ақыры такси жүргізушісі полицияға арыз жазып, болған жағдайды баяндаған.
29 жастағы әйел бопсалау ісі бойынша сот алдына келді. Ол кінәсін толық мойындап, жәбірленушіден алған ақшаны қайтаруға уәде берген.
Сот барысында айыпталушының бұған дейін де сотталғаны белгілі болды. Сот осыны ескеріп, оны 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Алайда төрт баласы бар болғандықтан, жазаны өтеу мерзімі бес жылға кейінге шегерілді.
Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір тергеу жүріп жатыр.


