Қазақстан–Франция бизнес-форумы аясында энергетика, денсаулық сақтау, логистика, агроөнеркәсіп, білім беру және орнықты даму салаларын қамтитын 15 келісім жасалды.
ERNUR.KZ. Астана қаласы әкімдігінің алдын ала бағалауынша, форум күндері елордаға 5 мыңнан астам шетелдік қонақтың келуі қонақ үйлер, мейрамханалар, көлік қызметтері және қаланың басқа да салалары үшін 2,6 млрд теңге көлемінде табыс әкелді, деп хабарлайды ҚР Ұлттық экономика министрлігі.
Астана халықаралық форумы қарсаңында өткен «Қазақстан–Франция» және «Қазақстан–Италия» бизнес-форумдарында, сондай-ақ AIF 2025 алаңдарында еліміз үшін маңызды бірқатар инвестициялық келісімдерге қол қойылды.
Қазақстан–Франция бизнес-форумы аясында энергетика, денсаулық сақтау, логистика, агроөнеркәсіп, білім беру және орнықты даму салаларын қамтитын 15 келісім жасалды. Солардың ішіндегі ірісі — Павлодар қаласында сутегін өндіретін қондырғы салу жобасы. Бұл жобаға 90 миллион еуродан астам инвестиция тартылмақ.
Қазақстан–Италия бизнес-форумы шеңберінде жалпы сомасы 180 миллион еуро болатын 10 келісімге қол қойылды. Олардың аясында логистика, машина жасау, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, өнеркәсіпті цифрландыру және «жасыл» энергетика салаларындағы жобалар қамтылған.
AIF 2025 алаңында да ірі келісімдер жасалды. ҚР Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитеті мен «Kazak Protein» ЖШС Түркияның Tiryaki Agro, Катардың Hassad Food компанияларының қатысуымен және KAZAKH INVEST ұлттық компаниясының қолдауымен Астана қаласында дәнді дақылдарды терең өңдейтін кешен салу жөнінде 320 миллион АҚШ доллары көлеміндегі инвестициялық келісімшартқа қол қойды.
Сонымен қатар, KAZAKH INVEST италиялық серіктестермен тағы үш келісім жасасты. Олардың қатарында Түркістан облысында TRAMITE Group жүзеге асыратын 180 миллион долларлық агроөнеркәсіптік жоба бар. Жоба жылыжай кешені, қызанақ өңдеу зауыты, жоңышқа түйіршіктеу жүйесі және басқа да инфрақұрылымдарды қамтиды.
Қаржылық құжаттармен қатар, AIF 2025 аясында еліміздің экономикасы үшін стратегиялық маңызы бар бірқатар келісімдерге де қол қойылды.
Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) Еуразиялық бәсекеге қабілеттілік бағдарламасын қаржыландыру жөніндегі келісімге қол қойды. Құжат экономикалық реформаларды тиімді жүргізуге арналған сараптамалық қолдауды көздейді. Бұл бағдарлама ЭЫДҰ стандарттарын енгізу, құқықтық және институционалдық ортаны жетілдіру, сондай-ақ өңірдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға серпін береді.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Solana Foundation және Intebix компанияларымен Орталық Азиядағы алғашқы блокчейн аймағы — Solana Economic Zone Kazakhstan жобасын іске қосу туралы меморандумға қол қойды.
Сондай-ақ Сауда және интеграция министрлігінің қолдауымен Алматы облысында Қазақстандағы бірінші халықаралық аутлет-орталықты салу жөнінде келісімге қол қойылды. Жобаның бастамашысы – QSM тобы, серіктесі — Еуропаның коммерциялық жылжымайтын мүлік нарығында 60 жылдан астам тәжірибесі бар Ekazent Management GmbH (Австрия). Кешеннің жалпы аумағы 80 мыңнан 120 мың шаршы метрге дейін болмақ.