АЭС құрылысына қаражат Ресей тарапынан мемлекетаралық экспорттық несие арқылы алынады. Қаражат алуда бірнеше фактор бар. Бүгінгі Ресейге жіберілген капсулаға салынған топырақ зерттелсе, қаржының көлемі өзгеруі мүмкін. Өйткені геология, сейсмикалық, климаттық жағдайлар ескеріледі.
Қаржыға әсер ететін тағы бір фактор - жобаны жүзеге асыратын халықаралық жеткізушілер.
"Әріптестіктің негізгі көзі - мемлекетаралық экспорттық несиенің қызметі серіктестер арасында қазіргі уақытта талқыланып жатыр", - дейді "КАЕС" компаниясының бас директоры Ернат Бердіқұлов.
Айта кетейік, қаржы құю мәселесі тек Ресей мемлекетімен ғана жүргізілген.
Сондай-ақ АЭС құрылысына жергілікті шағын және орта бизнес өкілдерінің өнімі де тартылады. Тек қана климаттық жағдай емес, аумақты дамыту жобасы да АЭС салуда жіті зерттелген.
Тұңғыш АЭС-те жанармай мәселесі проблема тудырмайды
Журналистер тарапынан "уранды қайта өңдеу жұмысында кемшіліктер бар, бұл АЭС жұмысына кедергі емес пе" деген сұрақ қойылды. Алайда сұхбат берушілер бұл ақпаратты жоққа шығарды.
"Қайта өңдеу жұмысы ақсап тұр дегенге келіспеймін. Өйткені бізде уран өндіруден тарихи тәжірибеміз бар. Сондай-ақ бұл жұмыс Ресей тарапымен де келісіліп жатыр. Жанармай өндіру саласын дамыту бойынша серіктестермен Қазақстан аумағында жанармай өндіру туралы келіссөздер жүріп жатыр", - дейді атом энергетикасы агенттігі директорының орынбасары Әсет Махамбетов.
Екеуі екі механизммен салынып жатыр
Спикерлер Түркия мемлекетіндегі АЭС пен қазақстандық жобаның айырмашылығы бар екенін, екі мемлекеттегі нысан екі механизммен салынып жатқанын айтты.
"Ресей мемлекеті Түркияда салынып жатқан атом электр станциясын өздері тұрғызады, өздері иелік етеді. Ал қазақстандық АЭС-ке Қазақстан иелік етеді. Ресей тарапы тек құрылысын салып береді", - дейді Ернат Бердіқұлов.
Кез келген шетелдік компания өз қызметіне лайық пайда тапқысы келеді, бірақ қазақ жеріндегі АЭС-ке мұның қатысы жоқ. Жұмыстарын жасайды, елдеріне қайтады. Ал АЭС Қазақстанның меншігінде қалады.
"Атом электр станциясында қазақстандық азаматтар еңбек етеді. Ресейлік тарап тек экспорттық ақша мәселесімен ғана шектеледі, сондай-ақ Ресейге электр энергиясын беру мәселесі қарастырылған жоқ. Құрылысқа тартылатын 10 мың адам, АЭС-те жұмыс істейтін маман да толыққанды өз азаматтарымыз болады. Барып-келіп істемейді. 2000 адамның барлығы қазақстандық болады, 500-і ядролық-физика мамандары, қалғандары энергетиктер химиктер, әкімшілік мамандары. Біз өзімізде мамандар даярлап жатырмыз", - дейді Әсет Махамбетов.
Қазақстандағы АЭС мамандарын "Росатом" даярлайды
Қазақстандық кадрларды шетелдіктерден осал деуге болмайды дейді олар. Бірнеше мың қазақстандық маман Бангладеш, Түркия, Египеттегі АЭС саласында еңбек етіп жүр. Ал бізде салынатын АЭС мамандарын "Росатом" даярлайды.
Тұңғыш атом электр станциясына "құрылысшы" деп жалпылама айтқанмен, әртүрлі сала маманы жұмылдырылады. 10 мыңнан астам жұмысшы 12 жыл бойы нысанда жүрмейді, белгілі бір уақытта жұмыспен қамтылады.
Айта кетейік, мамандар Қазақстандағы АЭС құрылысына шамамен 12 жыл кетеді деп болжап отыр. Алайда нақты қандай компаниялар құрылысқа қатысатыны әлі белгісіз.
Бүгінгі Ресейге жіберілген топырақ салынған капсула шамамен 8-12 ай зерттеледі.
Еске сала кетейік, бүгін Қазақстанда тарихи шара болды. Тұңғыш АЭС салынатын жердің топырағы Ресейге жіберілді.