Адам – ең жоғары құндылық: жаңа Конституция жобасы нені көздейді

0
73

Жаңа Конституция жобасы мемлекеттің әлеуметтік сипатын күшейтіп, адамды мемлекеттік саясаттың өзегіне қояды.


ERNUR.KZ. Бұл қағиданың мәнін Әділет министрлігінің Заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры Индира Аубакирова «Референдум-2026» онлайн-марафоны барысында түсіндірді. Аталған іс-шара жаңа Конституция жобасын жалпыхалықтық дауыс беру қарсаңында талқылауға арналды.

Оның айтуынша, «адам саясаттың ортасында» қағидасы – мемлекеттің кез келген шешімі мен әрекеті, ол билік органдарынан болсын немесе азаматтық қоғам институттарынан болсын, ең алдымен азаматтардың мүддесі тұрғысынан бағалануы тиіс дегенді білдіреді.

Сондай-ақ спикер өлім жазасына тыйым салу мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, республика Адам құқықтары жөніндегі халықаралық конвенцияның Екінші факультативтік хаттамасына қосылып, өлім жазасынан толық бас тарту еркін және гуманистік мемлекет қағидаттарына адалдығын растады.

«Осы арқылы біз адам өмірінің ең жоғары әрі іргелі құндылық екенін атап көрсеткіміз келеді. Табиғи өмір сүру құқығынан жоғары ештеңе жоқ. Бұл құқық ажыратылмайтын сипатқа ие», – деді ол.

Сонымен қатар спикер «Миранда ережесін» енгізу туралы пікір білдірді. Оның айтуынша, бұл нормаға сәйкес адам ұсталған кезде оған өз құқықтары түсіндіріліп берілуі тиіс. Атап айтқанда, үнсіз қалу құқығы және өзіне қарсы айғақ бермеу құқығы. Бұл өзін-өзі айыптауды немесе қысым арқылы алынған көрсетулерді болдырмауға бағытталған, өйткені мұндай айғақтар кейін ұсталған адамның өзіне қарсы пайдаланылуы мүмкін.

Индира Аубакированың түсіндіруінше, бұл норманың іс жүзінде орындалуы барлық мемлекеттік органдарға – полицияға, соттарға және оның сақталуын қадағалайтын Бас прокуратураға байланысты. Егер азамат ұсталған кезде өз құқықтары туралы хабардар етілмесе, сот алынған көрсетулерді дәлел ретінде жарамсыз деп тануы мүмкін. Әсіресе, негізгі дәлел ретінде ұсталған адамның немесе күдіктінің өз айғақтары пайдаланылған жағдайда, олар заңды күшіне ие болмайды, ал күдікті кінәсіз деп танылуы ықтимал.