Дәрігерлер әйелдің шағымына салғырт қараған.
ERNUR.KZ. Алматылық әйел кесарь тілігі арқылы босанғаннан кейін ішінде дәке қалып кеткен. Бұл туралы заңгер Анна Чернова айтты, деп жазады baq.kz.
Заңгердің айтуынша, әйел үшінші баласын дүниеге әкелген. Отадан кейін келесі күні ол қатты ауырсынуға шағымданған.
Өтінемін, УДЗ-ны мұқият қарап шығыңыздаршы, өзімді өте нашар сезініп тұрмын, – деп дәрігерлерден өтінген.
Бірақ дәрігерлер бұл шағымға салғырт қараған. Қарау тек формальді түрде жүргізілген, кейін оны “бәрі таза” деп шығарып жіберген.
Әйел 9 айлық ауыр азап шекті. Ол дұрыс ұйықтамай, тамақтана алмай, әрең қозғалып жүрген. Жаңа туған сәбиін қолына көтере алмаған. Салмағы күрт төмендеген, ауырсыну үдеген. Әйел жеке клиникаларға жүгінген, ондаған тексеруден өткен, көп қаражат жұмсаған, бірақ нәтиже болмаған. Диагноздар әртүрлі қойылғанымен, ешкім нақты себебі анықтай алмаған, – деді Анна Чернова.
2025 жылдың мамыр айында компьютерлік томография жамбас аймағында бөгде затты көрсеткен. Дәрігерлер ісік болуы мүмкін деп шұғыл ауруханаға жатқызған.
2025 жылғы 3 маусымында жасалған шұғыл ота кезінде дәрігерлер шошып кеткен. Әйелдің ішінде 9 ай бойы қалып қойған марля салфеткасы табылды. Бұл зат кесарь тілігі кезінде іште ұмытылып кеткен. Ол уақыт өте келе іріңдеп, ішперде қабынуын (перитонит) тудырып, ішкі органдарды зақымдаған. Салдарынан ішектің бір бөлігін алып тастауға тура келген, – деді заңгер.
Ота 7 сағатқа созылып, оған төрт хирург қатысқан. Заңгердің айтуынша, дәрігерлер “тағы бір апта кешіккенде, науқасты аман алып қалу мүмкін болмас еді” деп жағдайды мойындаған.
Қазір әйел арнайы құрылғымен өмір сүріп жүр. Ішегін қалпына келтіру үшін тағы бір ауыр операция болуы тиіс. Бұл ота кемінде 1,5 жылдан кейін ғана жасалуы мүмкін. Сол уақытқа дейін ол ауырсыну мен қолайсыздықпен өмір сүруге мәжбүр болады. Дәрігерлер оның бұрынғы қалыпты өміріне оралуына кепілдік бере алмай отыр, – деді Анна Чернова.
Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық басқармасы бұл оқиға бойынша тексеріс жүргізілетінін айтты.
Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы аталған жағдай бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Медициналық қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетіне тексеріс жүргізу туралы өтініш жіберді. Тексеру қорытындысы бойынша заң аясында тиісті шаралар қабылданатын болады, – делінген ведомство хабарламасында.