5000-ға жуық фермер көктемгі дала және егін жинау жұмыстарына арналған жеңілдетілген қаржыландыру алды

0
111

Қазақстанда 2026 жылғы көктемгі егіс жұмыстарына арналған қаржыландыру бағдарламасын іске асыру жалғасуда.


5000-ға жуық фермер көктемгі дала және егін жинау жұмыстарына арналған жеңілдетілген қаржыландыру алды

ERNUR.KZ. Өтінімдерді қабылдау 2025 жылғы 1 қазанда Мемлекет басшысының егіс науқанын уақтылы әрі сапалы өткізу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында басталды. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін сыйақы мөлшерлемесі жылдық 5%-ды құрайды. Қазіргі уақытта жалпы сомасы 637 млрд теңгені құрайтын 5307 өтінім қабылданды. Соның ішінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің 4968 өтінімі мақұлданып, 578 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді, деп хабарлайды ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Жалпы алғанда, 2026 жылы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жеңілдетілген несиелеуге 750 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Қаражат «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, екінші деңгейлі банктер, микроқаржы ұйымдары, өңірлік инвестициялық орталықтар, кредиттік серіктестіктер және әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы беріледі.

Несие алушылар үшін сыйақы мөлшерлемесін жылдық 5%-ға дейін төмендету мақсатында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облигациялары бойынша купондық сыйақыны субсидиялау тетігі қолданылуда. Сонымен қатар, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы несиелерге кепілдік беру жалғасуда. Бұл қарыз сомасының 85%-ына дейін кепілдікпен қамтуға мүмкіндік береді.

Жеңілдетілген қаржыландыру көктемгі егіс жұмыстарына дайындық пен оларды жүргізуге, сондай-ақ егін жинау науқаны мен маусымдық шығындарды қаржыландыруға беріледі.