40 газдандыру жобасы 32 мың қазақстандықты «көгілдір отынмен» қамтамасыз етеді

0
90

2025 жылы 94 ауылға табиғи газ жеткізіліп, 354 мың тұрғын қамтамасыз етілді.


40 газдандыру жобасы 32 мың қазақстандықты «көгілдір отынмен» қамтамасыз етеді

ERNUR.KZ. Газдандыру – елдің энергетикалық инфрақұрылымын дамытудағы басты басымдықтардың бірі. Қазіргі таңда елімізде 13 млн адам газға қол жеткізген. Ал 2026 жылдың қорытындысы бойынша газдандыру деңгейі 64,3%-ға жетіп, өткен жылдың сәйкес мерзімінен (62,4%) айтарлықтай өсім көрсетеді, деп хабарлайды ҚР Энергетика министрлігі.

2025 жылы 94 ауылға табиғи газ жеткізіліп, 354 мың тұрғын қамтамасыз етілді.

Биыл тағы 40 газдандыру жобасын іске асыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде 10 ауылдағы 32 мыңнан астам адам газға қол жеткізеді. Бұл жобалар Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан, Ұлытау мен Жетісу өңірлерін қамтиды.

Бас қаланы газдандыру мәселесіне ерекше көңіл бөлініп отыр. Қазіргі таңда Астанада 300 мың тұрғынның 290 мыңы газбен қамтылған. Биыл «Шұбар», «Үркер», «Өндіріс», «Пригородный» және «Garden Village» тұрғын массивтерін қосып, қаланы газдандыру жұмыстары толық аяқталады. Сонымен қатар, 2026-2027 жылдары Кызылсуат, Қаражар және Тайтөбе елді мекендеріне газ жеткізіліп, тағы 26 мың адам қамтылады.

Қосымша тауарлық газ көлемін қамтамасыз ету мақсатында «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральді газ құбырының екінші желісінің бірінші кезеңі салынып жатыр. Жыл соңына дейін жылына 10 млрд текше метр газ өткізе алатын құбырдың желілік бөлігін аяқтау көзделген. Екінші кезеңде компрессорлық станциялар салу қарастырылған, бұл газ құбырының өткізу қабілетін жылына 15 млрд текше метрге дейін арттыруға мүмкіндік береді.