2030 жылға дейінгі көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасы әзірленіп жатыр

0
74

Көші-қон үдерістерін реттеу мақсатында migration.enbek.kz порталы құрылды.


2030 жылға дейінгі көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасы әзірленіп жатыр

ERNUR.KZ. Ол шетелдік азаматтарды бірыңғай тіркеуді және көші-қон ағындарын мониторингтеуді қамтамасыз етеді. 2024 жылдан бері 15 цифрлық қызмет енгізілді. Ал, 2025 жылы үш жаңа қызмет: материалдық көмек алу туралы өтініш беру, қоныс аударушыларды қабылдау жөніндегі өңірлік квотаға енгізу, электрондық форматта әлеуметтік келісімшарт жасау іске қосылды. Қосымша тағы 5 жаңа қызметті мобильді қосымшада іске қосу жоспарланып отыр. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Аскарбек Ертаев ОКҚ алаңында Көші-қон саясаты тұжырымдамасын одан әрі жетілдіру бағытындағы жұмыстарға тоқталып өтті.

«Қолданыстағы Тұжырымдаманың басымдықтарын іске асыруды жалғастыра отырып, қазіргі уақытта 2030 жылға дейінгі көші қон-саясатының жаңа тұжырымдамасын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Жаңа тұжырымдаманың жобасы мынадай негізгі бағыттарды іске асыруды көздейді: бірінші бағыт – көші-қон ағындарын есепке алу жүйесін жетілдіру. Бұл мақсатта ел ішінде және шетелде көші-қонды есепке алудың Бірыңғай цифрлық жүйесін енгізу көзделіп отыр. Enbek.kz экожүйесін «Ұлттық білім беру деректер қоры» ақпараттық жүйесі және басқа да жүйелермен интеграциялау жоспарлануда», – деді спикер.

Екінші бағыт – сыртқы көші-қонды басқару тетіктерін жаңғырту. Сыртқы көші-қон ағындарының өзгерістері олардың ауқымы мен қарқындылығын бағалау тұрғысынан талданады. Сонымен қатар бейіндік жүйелер мен инфрақұрылымның ықтимал сын-қатерлерге дайындық деңгейіне терең талдау жүргізіледі. Иммигранттарға арналған бейімдеу курстарының бірыңғай стандарттары енгізіледі.

Үшінші бағыт – теңгерімді көші-қон. Кәсіпкерлікті дамыту және өңірлерде тұрақты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету мақсатында өңірлік кәсіпкерлер палаталарымен бірлесіп, мобильді кәсіпкерлікті дамыту тетіктері әзірленеді. Бұл кәсіпкерлерге тіркелген жерінен тыс бизнес ашу, жүргізу және кеңейтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ шетелде тұратын отандастармен тұрақты байланыс орнатуға арналған тұрақты коммуникациялық арналар қалыптастырылады.