​Кей ГҮЛДЕРДІ көктемде емес, КҮЗДЕ еккен дұрыс

0
214

Қысқы суыққа шынықса, көктемде үсімейді


​Кей ГҮЛДЕРДІ көктемде емес, КҮЗДЕ еккен дұрыс

Сурет: ЖИ


Есік алдында алуан түсті гүлдер жайқалып тұрса, көңілде шаттық орнайтыны анық. Сол үшін көпшілік көктем шыға гүл егуді, көшет отырғызуды ойлай бастайды. Ал нағыз гүл баптаушылар бұл шаруаның басын күзде-ақ қайырып тастайды. Өйткені, кейбір гүлдерді көктемде емес, күзде еккен дұрысырақ екен. Мұның бірнеше артықшылығы бар. Өсімдіктер қыстай жер астында шыңдалып, көктемгі үсіктерге төзімділігі қалыптасады. Тамыр жүйелері қалыптасып үлгергендіктен, көп суғаруды қажет етпейді. Күзде отырғызылған гүлдер көктемде ерте бүршік атып, тез гүлдейді.

Көшеттердің салқын ауаға бой үйреткенінің тағы бір пайдасы – олар орын ауыстырғанда да тез бой түзеп кетеді. Күзде табиғи суықты көріп шыққан өсімдіктердің жасушаларында қант мөлшері артады. Бұл оларды көктемгі күтпеген үсіктерден қорғайтын өзіндік «табиғи антифриз» рөлін атқарады. Көктемде жылыжайдан шыққан көшеттер осындай қатаң сынақтан өтпегендіктен, ауа райының кез келген өзгерісіне осал келеді.

Бірақ, көктемгі ауланың қамын күзде ойлау үшін бірқатар ережелерді ескеру керек.


Сұрпын дұрыс таңдау

Кызғалдақ, наркес, гиацинт, крокус, мускари, лалагүл сынды пиязшықты (пиязды) гүлдерді қыркүйек – қараша айларында еккен жөн. Топырақ қатып қалғанша, алғашқы үскірікке 2-3 апта қалғанда көміледі. Олар қыста тамыр жайып, көктемде ең алғашқы болып гүлдейді.

Көпжылдық гүлдерді күзде тамырынан бөлу отырғызу немесе тұқымын себу керек. Көктемде олар бірден белсенді өсуге көшеді. Мұндай гүлдер қатарына ирис, флокс, дельфиниум, астильба кіреді. Көпшілік жақсы көретін пионды күздің басында тамырын бөліп отырғызған дұрыс. Хризантема – күзде гүлдеп тұрған кезде отырғызып, түбін жақсылап орап қояды.

Тұқымнан егілетін біржылдық гүлдердің дәнін қарашада, топырақ тоңази бастағанда себу керек. Мысалы, астра, календула, космея, мальва, т.с.с. Топырақ жылы кезде себілсе, күзде-ақ өніп кетеді.


Қай кезде бастау қажет?

Сәндік гүлдерді қараша айында отырғызу қажет. Себебі топырақ суыған кезде еккен гүл тұқымы шыдамды бола түседі. Жылы топыраққа себілген тұқым ерте бүршік жарып, бірден суық болғанда тамыршықтары шіріп кету қаупі зор. Пиязшықты гүлдерді топырақ температурасы +8...+10°C шамасына түскенде егеді.


Қондыру тәсілдері

Бақша гүлдерінің басым көпшілігін пиязшық, ұрық, көшет арқылы егеді. Пиязшық тамырлы гүлдер жұмсақ, борпылдақ топыраққа қондырылғаны дұрыс. Ең алдымен гүл егетін аумақты аударып қойып, 3-4 күнге дейін тиіспеген жөн. Сол аралықта топырақ отырып, қондырған гүл пиязшығы мығым орналасады. Қондыру тереңдігі үш пиязшықтың қосылған көлеміне тең болғаны дұрыс. Мұндай тереңдік көктемде пиязшық үш есе үлкейіп кетеді деген есеппен таңдалады. Отырғызғаннан кейін топырақ құрғақ болса, бір рет мол суғарып, бетін шөппен немесе құрғақ жапырақтармен жапқан дұрыс.

Ұрықты, тұқымды екі есе көбейтіп себу қажет. Себебі олардың кейбірі шіріп, өнбей қалуы мүмкін.

Ұрықты ойпаң, ылди жерге себуге болмайды. Көктемгі еріген қар суы шайып кетуі мүмкін. Қолайлы температура қалыптастыру үшін бетін ағаш жапырақтарымен жапқан дұрыс.

Бағбаншылар көбіне өсімдіктерді көшеттен отырғызғанды дұрыс көреді. Себебі олар ылғалды, қышқыл топырақта тез тамыр алып, өніп кетеді. Алдын-ала қазылып дайындалған шұңқырға органикалық, минералды тыңайтқыштар себіледі. Артынан шымтезек салынады. Көшеттің шашыраған тамырларын кішкене қысқартады. Қондырылған көшетті молынан суғарып, қосымша қарашірік, шымтезекпен қоректендіреді.

Күзде еккен гүлдер көктемде жайқалып өсуі үшін қысқы қауіптерден қорғау да маңызды. Әсіресе жер астындағы тәтті пиязшықтар мен дәмді түйнектер түрлі кеміргіштердің олжасына айналуы мүмкін. Зиянкестердің кесірінен еңбегіңіз еш кетпес үшін мынадай қорғаныс шараларын қолданыңыз.


Арнайы қорғаныш себеттері (корзинкалар). Қызғалдақ, наркес сияқты пиязшықты гүлдерді топыраққа тікелей көмбей, арнайы пластик немесе металл торлы себеттерге салған дұрыс. Бұл әдіс пиязшықтарды ұсақ кеміргіштердің жеп қоюынан толықтай қорғайды. Сонымен қатар көктемде оларды жерден қазып алуды әлдеқайда жеңілдетеді.

Тұқымдар мен пиязшықтарды алдын ала өңдеу. Отырғызар алдында пиязшықтар мен түйнектерді арнайы биопрепараттармен немесе қорғаныш ерітінділерімен өңдеп алған абзал. Зиянкестерге қарсы қорғаныш ерітінділері бақша дүкендерінде сатылады. Бұл оларды шіруден және зиянды жәндіктердің дернәсілінен сақтайды.

Химиялық немесе табиғи қорғаныс құралдары. Егер бақшаңызда тышқан көп болса, отырғызу аймағының маңына арнайы қауіпсіз репелленттерді немесе иісімен үркітетін табиғи құралдарды (мысалы, қарағай инешіктерін немесе арнайы препараттарды) қолданған дұрыс.

Күтім кезінде осы қарапайым қағидаларды ескерсеңіз, қыстың суығынан аман шыққан гүлдеріңіз көктемде еш кедергісіз ерте бүршік атып, бақшаңыздың сәнін кіргізетін болады.

Дайындаған: Х. ОРАЛ,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Талдан түскен ЖАПЫРАҚТАРДЫ өртемей, ПАЙДАҒА ЖАРАТУҒА болады

«BALAZHAN»: платформаны толтыруды жеңілдететін 3 лайфхак