Бектенов Астананың жылу және электрмен жабдықтау жұмыстарын тексерді.
фото: Пресс-служба правительства Казахстана
ERNUR.KZ. Үкімет басшысы Олжас Бектенов Астанадағы 3-жылу электр орталығына барды, деп жазады sputnik.kz.
Бұл жылу электр орталығы елорданың энергия тапшылығын толығымен жапты. Қазір елордада қуаты сағатына 500 МВт бу-газ қондырғысын салу жоспарлануда. Бұл қаланы сенімді электрмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта елордада үш жылу электр орталығы және екі – "Тұран" және "Оңтүстік-Шығыс" газ жылу станциясы жұмыс істейді. Сондай-ақ Астанада тағы бір "Тельман" газ жылу станциясы салынып жатыр, ол 2027 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Олжас Бектенов жауапты министрлік пен елорда әкімдігіне ЖЭО-3 жобасын аяқтауды жеделдетуді тапсырды.
Жалпы, Қазақстанда жылыту маусымы тұрақты өтіп жатыр, деп хабарлады энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов.
"Өткен жылы генерацияның жалпы көлемі 17 ГВт-тан асты, бұл ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Тозу деңгейі де төмендеді. "Қызыл аймақтағы" ЖЭО саны да қысқарып келеді", - деп атап өтті Есімханов.
Биыл тоғыз энергоблок, 55 қазандық және 51 турбина күрделі жөндеуден өтеді. Осыған ұқсас жұмыстар электр және жылу желілерінде жүргізіледі.
Сондай-ақ 2,6 ГВт жаңа қуаттарды пайдалануға беру, ал 2029 жылға қарай электр энергиясын өндіруді 39 млрд киловатт-сағатқа дейін ұлғайту жоспарлануда.


