2027 жылдан бастап аквамәдениетті дамытуға арналған ақпараттық жүйе енгізіледі

0
94

Ауыл шаруашылығы министрлігі балық шаруашылығы саласын кезең-кезеңімен цифрландыруды жалғастыруда.


2027 жылдан бастап аквамәдениетті дамытуға арналған ақпараттық жүйе енгізіледі

ERNUR.KZ. Өткен жылы балық және балық өнімдерінің қадағалануын қамтамасыз ететін «E-Fish» ақпараттық жүйесі іске қосылды. Жүйе балық пен балық өнімдерінің заңды шығу тегін растайтын құжаттарды беруге қатысатын мемлекеттік органдардың ақпараттық қорларын өзара байланыстырады. Негізгі мақсаты – заңсыз өнім айналымының алдын алу, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Бүгінгі күні «E-Fish» жүйесінде балық шаруашылығы және аквамәдениет саласындағы 1196 субъект тіркелген. Бұл олардың жалпы санының 95%-дан астамын құрайды.

Бірыңғай автоматтандырылған басқару жүйесін «E-Fish» жүйесімен ықпалдастыру нәтижесінде белгіленген аулау квоталары мен балық өсіру көлемдері асқан жағдайда ветеринариялық құжаттарды рәсімдеуге тосқауыл қойылды. Жүйені енгізудің арқасында балық өнімдерінің көлеңкелі айналымы 2 мың тоннаға қысқарды.

«Аквамәдениет туралы» Заңды іске асыру аясында 2027 жылдан бастап аквамәдениетті дамытуға арналған ақпараттық жүйені енгізу көзделген. Оны қолданыстағы «E-Fish» жүйесінің негізінде «Аквамәдениет» атты жеке бөлім құру арқылы жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Аквамәдениетті дамытуға арналған ақпараттық жүйені жүргізу қағидаларының жобасы әзірленіп, барлық мүдделі мемлекеттік органдармен, сондай-ақ Әділет министрлігімен келісілді.

Жаңа жүйе аквамәдениеттің дамуын бақылау мен талдауды қамтамасыз етеді, сала субъектілерінің тізілімін қалыптастырып, жүргізеді, сондай-ақ қажетті деректерді жинау және өңдеу мүмкіндігімен аквамәдениет нысандарын есепке алуды, қадағалауды жүзеге асырады.