2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының Конституциясы күшіне енді

0
220

1995 жылғы Қазақстан Республикасы Конституциясының күші жойылды.


2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының Конституциясы күшіне енді


ERNUR.KZ. Бұл күн – еліміздің дамуындағы жаңа кезеңнің бастауы. Мемлекеттік басқару жүйесін, жоғары өкілді билік құрылымын және саяси институттардың қызметін жаңғыртуға бағытталған ауқымды өзгерістер орын алады. Ата заң адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтіп, жаңа қоғамдық құндылықтарды орнықтырады, заң үстемдігі мен әділеттілік қағидаттарын нығайтуға ықпал етеді. Жаңа Конституцияның негізгі жаңашылдықтарын еске салайық.

1995 жылғы Қазақстан Республикасы Конституциясының күші жойылды.

Конституция Қазақстан Республикасы қызметінің негізгі қағидаттарын едәуір жаңартып, кеңейтті. Бұлардың қатарына Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау, адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау, заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету, жалпыұлттық бірлікті нығайту, халықтың әл-ауқатын арттыру, жауапты әрі жасампаз отаншылдық идеясын ілгерілету, қоғамдық диалогты дамыту, еңбексүйгіштік, прогресс және білім құндылықтарын бекіту, жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тарихи-мәдени мұраны сақтау және төл мәдениетті қолдау алғаш рет енгізіліп отыр.

Қазақстан Республикасының Егемендігі, Тәуелсіздігі, унитарлығы, аумақтық тұтастығы және басқару үлгісі өзгермейді.

Мемлекеттің стратегиялық даму бағдарлары – адам капиталын, білімді, ғылым мен инновацияны Қазақстан Республикасының ұзақ мерзімді дамуының негізі ретінде дамыту конституциялық деңгейде алғаш рет айқындалды.

Қос палаталы Парламенттің орнына жаңа бір палаталы Парламент – Құрылтай құрылады, оның құрамына 145 депутат кіреді.

Қазақстан Республикасының Вице-Президенті институты құрылды. Қазақстан Халық Кеңесіне заң шығару бастамасы құқығы беріле отырып, халқының мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган ретінде құрылды. Бұл қоғамның мемлекеттік саясатты қалыптастыру ісіне қатысуын күшейтеді.

Ата Заңымыз Конституция үстемдігін мемлекеттің Негізгі Заңы ретінде, оның ең жоғары заңды күшін және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында тікелей қолданылуын бекітеді. Барлық заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілер тек Конституцияның негізінде, сондай ақ оны орындау мақсатында қабылдануға және оған қайшы келмеуге тиіс.

Адам құқықтарын қорғау үлгісі елеулі түрде жаңартылды. Конституция қылмыстық сот ісін жүргізудегі негізгі кепілдіктерді сот қызметінің қағидаттары ретінде емес, бас бостандығы нақты шектелген сәттен бастап барлық мемлекеттік органдар сақтауға міндетті әрбір адамның ажырамас құқықтары ретінде бекітті. Олардың қатарында нақты ұсталған сәттен бастап қорғалу құқығы, бас бостандықтың шектелуіне сот бақылауы, негізсіз ұстауға тыйым салу, сұрақтарға жауап бермеу құқығы, өз-өзіне және жақын туыстарына қарсы айғақ бермеу құқығы («Миранда қағидалары»), сондай-ақ кінәсіз презумпциясы бар.

Мемлекеттің мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың заңсыз әрекеттерінен келтірілген зиянды өтеу міндеті, зияткерлік меншікті қорғау құқығы, дербес деректерді қорғау мен цифрлық қауіпсіздікті қоса алғанда, цифрлық құқықтарға кепілдіктер, сондай-ақ мемлекет пен азаматтардың экологиялық жауапкершілігі конституциялық деңгейде алғаш рет бекітілді.