Тоқаев тың мүмкіндіктерді пайдалануға шақырды.
Фото: Ақорда
ERNUR.KZ. Қазақстан жағдайында цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу ішкі жалпы өнімге 14 миллиард доллардан 20 миллиард долларға дейін кіріс әкелуі мүмкін. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлығының лауреаттарын, «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде айтты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Президенттің сөзінше, мемлекет пен бизнестің қарым-қатынасын өзгерту керек.
«Бұл істе жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын тиімді қолданған жөн. Жасанды интеллект технологияларының қарқынды дамуы әлемдік экономиканың түбегейлі өзгеруіне әкеп соғады», - деді Тоқаев
Осы тұста президент сарапшылардың болжамын атап өтті.
«Сарапшылардың бағалауынша, жасанды интеллект 2030 жылға қарай әлемдік ішкі жалпы өнімге 17 триллион доллардан 26 триллион долларға дейін пайда әкеліп, 78 миллион жұмыс орнын аша алады. Ал Қазақстан жағдайында цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу ішкі жалпы өнімге 14 миллиард доллардан 20 миллиард долларға дейін кіріс әкелуі мүмкін. Осындай болжам бар. Бірақ шын мәнінде қалай боларын өмір көрсетеді. Біз тың мүмкіндіктерді барынша пайдалануымыз керек», - деді ол.


