Интернет жай ашып тұр ма? Мәселе желіден емес

0
184

Бұл 5 кеңес баяу жұмыс істейтін браузерді өте жылдам құралға айналдырады.


Интернет жай ашып тұр ма? Мәселе желіден емес

Сурет: i.pinimg.com

Ғаламтордан бірдеңе көргіңіз келгенде, ашпай қинай ма? Әр адымымыз ғаламдық тормен тығыз байланысқандықтан, бұл кәдімгідей үлкен мәселе көрінеді.

«Интернет істемей тұр, сеть нашар» деген сөздер ХХІ ғасыр адамдарының жүйкесіне әжептәуір салмақ салады. Бірақ, ғаламтордың сұрағаныңызды алдыңызға жайып салмауының себебі әрдайым желінің нашарлығынан бола бермейді. Браузердің қалай жұмыс істейтініне де көз салып қою керек.

Көп жағдайда проблема браузер баптауларында жасырынып жатады. Ол баяу жұмыс істейтін болса, интернетте қарапайым серфингтің өзін қиындатып жібереді.

Беттердің жүктелуін айтарлықтай тездететін бес қарапайым әрекетті айтамыз, өз құрылғыңызда жасап көріңіз.


Таңдаулы сайттарды бетбелгілерге немесе «Жылдам қолжетімділікке» қосыңыз

Кез келген браузерде бірнеше сайтты бірден ашқыңыз келсе, шешімі – бетбелгілер. Ең көп кіретін сайттарды бетбелгілер жолағына бекітіп қойыңыз. Сонда олар әрдайым қоластыңызда болады, бір ақ шерту арқылы ашасыз.

Сонымен қатар «Жылдам қолжетімділік» деген де бар. Браузердің бастапқы бетіне сайт сілтемелерін орналастыру мүмкіндігін ұсынады. Мұнда да керекті сайтқа кіру үшін бір шерту жеткілікті.

Бетбелгілерді қосқанда дәлдікті пайдаланыңыз. Мысалы, жай ғана Instagram деп емес, бірден қажетті аккаунтты немесе сайттың белгілі бір бетін ашатын сілтемені сақтауға болады. Сол сияқты, күн сайын ашатын YouTube плейлистін немесе Google Docs құжатын, Kundelik.kz немесе Mindal24.kz-тегі балаңыздың жеке кабинетін, т.б. тікелей сол күйінде сақтап қоюға болады.


Старттық бетбелгілерді қосыңыз

Белгілі бір сайтқа күн сайын кіруіңіз мүмкін. Мысалы, сабақ оқу үшін қолданатын сөздік, анықтамалықтар, жаңалық порталдары, т.с.с. Міне, осындай ақпарат арналарын браузер іске қосылғанда автоматты түрде ашылатындай етіп баптауға болады. Оның көмегімен интернетке кірген бойда барлық қажетті ресурстар дайын тұрады.

Немесе браузерді ашқанда «Алдыңғы сессиядағы беттерді қалпына келтіру керек пе?» деген сұрақ жолағына «Иә» жауабын басыңыз. Сонда жұмысты бұдан алдыңғы жолы келіп тоқтаған жеріңізден ары қарай жалғастыруға ыңғайлы.

Ал егер көптеген пайдалы парақтарға тап болып, оларды кейін оқимын десеңіз, бәрін ашық күйде ұстаудың қажеті жоқ. Барлық ашық беттерді бірден бір қалтаға бетбелгі ретінде сақтап қоя аласыз. Олар сол күйінде сіздің кез келген уақытта қайта оралуыңызды күтіп тұрады.


Қойындыларды топтастырыңыз

Егер сізде үнемі браузерде бір мезгілде оннан астам, 20-30 бетті ашу қажеттілігі болса, бұл да жұмыс істеуіне айтарлықтай салмақ түсіреді. Әрі ашық беттердің көптігінен шатасу, керектісін таппай, адасу да болып тұрады. Мұндайда мәселені ашылған беттерді белгілі бір рет-тәртіппен топтастыру оңайлатады. Белгілі бір бетті көп терезенің арасынан іздеп әуре болмай, ұқсастарын топтарға біріктіресіз.

Топтарды белгілеу үшін түстерді қолдануға болады. Мысалы, жұмысқа қатысты беттерді – көк, зерттеу тақырыптарын – жасыл, көңіл көтеретін, фильм қарайтын, беттерді – қызыл түспен белгілеңіз.

Сонымен қатар, егер бетбелгілерді аккаунтпен байланыстырсаңыз, сол топтарға басқа құрылғылардан да қол жеткізе аласыз.


Профильдерді пайдаланыңыз

Браузер профильдері – көпшілік жиі қолдана бермейтін, бағаланбай жүрген мүмкіндіктердің бірі. Көп қолданушы оларды жасамайды, бірақ бекер.

Жұмысқа, жеке істерге және қосымша жобаларға жеке профиль ашуға болады. Әр профиль жеке браузер сияқты жұмыс істейді. Онда өз деректері, бетбелгілері, сақталған парольдер және баптаулары болады. Мысалы:

  • Жұмысқа арналған профиль – жұмыс сайттары, жұмыс аккаунттары
  • Жеке профиль – әлеуметтік желілер, жеке пошта, күнделікті сайттар
  • Жобаларға арналған профиль – зерттеу, оқу, хобби, т.с.с.

Профильдер бәрін бөлек ұстайды. Барлығы реттелген күйінде, бір-бірімен араласпай тұрады. Соның арқасында браузер де жеңіл жұмыс істейді.

Смартфон (Android және iPhone), компьютер, ноутбуктағы әртүрлі браузерлерде жаңа профиль ашуды үйрену үшін ғаламтордан видеосабақтарын немесе түсіндірме нұсқаулықтарын іздеп көрсеңіз болады.


Пайдалы пернетақта жарлықтарын меңгеріңіз

Интернеттегі жұмысты жылдамдатудың тағы бір жолы – тінтуірді аз, пернетақтаны жиі қолдану. «Ыстық пернелер» – браузер жұмысын жылдамдатудың ең үлкен құпиясы.

Пернетақта:

Ctrl + T: жаңа бетбелгі ашу

Ctrl + N: жаңа терезе аш

Ctrl + Shift + N: «жасырын, жеке» режимінде жаңа терезе ашу

«Бос орын» тетігі: бетті төмен қарай сырғыту

Shift + «Бос орын»: бетті жоғары қарай жылжыту

Ctrl + W: ашық тұрған бетті жабу

Ctrl + Shift + T: ең соңғы жабылған бетті қайта ашу

Ctrl + L: мекенжай жолағын ерекшелеу

Ctrl + Shift + B: бетбелгілер панелін көрсету немесе жасыру

Ctrl + F: ашық тұрған беттен мәтінді табу

Ctrl + Shift + A: барлық ашық тұрған беттер бойынша іздеу

Alt + солға бағыттауыш: алдыңғы бетке қайта оралу

Alt + оңға бағыттауыш: келесі бетке өту

Әр браузердің өзіне тән пернелер комбинациясы бар. Бірақ көптеген жарлықтар барлық браузерлерде дерлік бірдей. Оларды үйрену арқылы көп уақыт пен күш үнемдей аласыз.

Дайындаған: Б. ЕРМАН,

ERNUR.KZ


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

Смартфонға пернетақтаны жалғап, шағын ноутбукқа айналдыруға болады