Тойда ТЕҢГЕ ШАШУ – дархандық па, даңғойлық па?

0
286


Тойда ТЕҢГЕ ШАШУ – дархандық па, даңғойлық па?

фото: ЖИ

Жақын күндері әлеуметтік желіде екінші қабатта тұрып, төменге ақша шашқан азаматтардың видеосы тарады. Салтанатты ғимарат пен киген киімдері қуанышты жиында екенін көрсетіп тұр. Видеоны тамашалаған көпшілік жарыса пікір білдіріп жатты. Әдеттегідей, көзқарастар қайшылығы мұнда да кескілесіп, «Қанша адам болса – сонша пікір» дегенді еске салады.


Өзіңіз де түсініп отырғандай, жұртшылықтың біразы шашуға теңге таратуды орынсыз санайды. Видеодағы кейіпкерлер мен олардың іс-әрекеттеріне «Құтырғандар, даурықпа, даңғазалық, мастанғандық, итке нан тастағандай қылып, ұят нәрсе» деп бағамдағандар аз емес. Осындай әрекет үшін айыппұл салуды, қоғамдық жауапкершілікке тартып, жағдайы төмен отбасыларға көмектесуді міндеттеуді ұсынды. Теңге шашуды сынға алғандардың арасында белгілі блогер, белді қоғам қайраткерлері де болды.

Желі қолданушыларының тағы бір тобы өздерінің өлкесінде әр қуанышта ақша шашылатынын айтып, видеодағы кейіпкерді ақтап әлек. Пікірлерден байқағанымыздай, «Она тұрған ештеңе жоқ, шашуға ақша беру қалыпты нәрсе» деушілердің басым бөлігі еліміздің батыс өңірлері – Ақтау, Атырау, Маңғыстау тұрғындары.

        • «Бұл біздің Маңғыстаудың салт-дәстүрі, шашылсақ, тойда шашылайық, той – елдің қазынасы, бұл қуаныш қой, банкага салғаннан осылай шашқаны жақсы емес пе, жұғысты болсын деп ел таласып теріп алады»
        • «Бұл жерде ешқандай дарақылық жоқ, бала кезімізден коріп келе жатқан көрініс бұл, үлкен қуанышын солай білдіреді той иелері, біреудің көптен күткен жалғыз ұлының тойы болуы мүмкін немесе алғашқы немересінің үйлену тойы болуы мүмкін, тектен-тек шашпайды, әр өңірдің ұстанған салты әртүрлі ғой, өзімізге қызық, қазағымның осындай қуанышы бітпесін»
        • «Беташарда жақын туыстары аты аталған уақытта («қайын ағаларға бір сәлем», т.с.с.) осылай ақша шашады. Биіктен шашса, жақсы шашылады барлық адамға.Төменде тұрып шашса, тек қасындағы үймелеген адамдарға бірнешеуден бұйырады. Сол үшін. Атақ абырой үшін емес»


Қазақ халқының қуаныш пен той-томалақта "Шашу" шашу дәстүрі – тек көңіл көтерудің немесе сыртқы әсемдіктің ғана белгісі емес. Бұл – ырымға, ежелгі наным-сенімдерге негізделген, терең философиялық мәнге ие салттардың бірі. Жақсылықтың, берекенің және ақ ниеттің материалдық көрінісі. Келін түсіру, дүниеге сәби келуі, тұсаукесер, алғаш келе жатқан құдаларды не алыс сапардан оралған жолаушыны қарсы алу, қоныс той сынды адам өміріндегі ең маңызды, бетбұрысты сәттерде шашылады.


Этнограф-тарихшылар – Ә. Диваев, Х. Арғынбаевтың зерттеу еңбектерінде шашу салты көшпелі қазақ қоғамындағы «жақсылықты бөлісу» және «көз тиюден сақтау» ұғымдарымен тығыз байланысты делінген.

Ертеде шашуға тек тәттілер ғана емес, құрт, ірімшік, кептірілген жемістер (мейіз, өрік) және күміс монеталар пайдаланылған. Күміс – қазақ ұғымында тазалықтың белгісі және жын-шайтанды қуатын, тіл-көзден сақтайтын қасиетті металл саналған. Сондықтан шашуға қосылған күміс ақшаның орны бөлек болған.


Дәстүрлі шашудың әр элементінің өз мәні болған

  • Ақ құрт пен ірімшік: Ақтың (сүт тағамдарының) белгісі. «Өмірің ақ, дастарханың берекелі болсын» деген тілекті білдіреді.
  • Кептірілген жемістер: Өсіп-өнудің, тамыр жайып, жеміс берудің рәмізі.
  • Тәттілер мен кәмпиттер: Жаңа түскен келіннің немесе жас нәрестенің өмірі тәтті, тілі майда, мінезі жібектей болсын деген ырым.
  • Тиындар: Байлық пен тоқшылықтың, материалдық тәуелсіздіктің белгісі.


Бағзыдан жеткен ырымдар

  • Қазақ халқы шашуға қатысты мынадай маңызды қағидаларды ұстанған.
  • Шашу шашылған сәтте оны аяқпен басу обал, күнә саналған, өйткені оның құрамында нан өнімдері мен ақ бар.
  • Шашылған кәмпиттер мен құртты жерде қалдырмайды. Соңғы түйіріне дейін үлкен-кіші жарыса теріп алады. Халық арасында шашудан тиген тәттіні «Той жұғысты болсын!» деп ырымдап, бала-шағаға, ауырып жатқан қарттарға немесе перзент көре алмай жүрген жастарға сарқыт ретінде береді. Шашудың бойында жақсылықтың қуаты болады деп сенген.
  • Шашу шашу құрметі тек аузы дуалы, елге сыйлы, көп бала өсіріп, өнегелі отбасы болып отырған ақ жаулықты әжелер мен аналарға беріледі. Бақытсыз, жалғызбасты немесе мінезі ауыр адамдарға шашу шашқызбаған.

Бүгінгі таңда бұл дәстүр заман ағымына сай трансформацияланды. Соңғы уақыттарда қант, чупа-супс, сағыз, құрт сияқты түрлі тәтті-дәмділер араластырып жүрміз. Олармен бірге ұсақ ойыншықтар, брелоктар, тіпті арнайы безендірілген қорапшалардағы кәдесыйлар шашылып жатады. Сондай-ақ, шашуды қолмен емес, арнайы «шашу-мылтықтарымен» немесе төбеден жаудыру арқылы заманауи шоуға айналдыру үрдісі бар.

Алайда, сыртқы формасы өзгергенімен, дәстүрдің ішкі мазмұны мен ниеті сол күйінде қалды: ол – қуанышпен бөлісу, айналаға бақыт сыйлау және жақсылық шақыру.

Шашу – қазақ мәдениетінің жомарттығы мен кеңпейілділігін көрсететін бірегей феномен. Ендеше, жағдайы көтергендердің теңге шашуын орынды-орынсыз деп дауласудың мәні жоқ секілді. Тиын шашса да, теңге әлде долларлап үлестірсе де, тіпті ештеңе шаша алмаса да, бастысы – адамның түпкі ниеті тура болсын дейік.

Ханбибі ОРАЛ,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

КИІТке не бересіз - «ТҮККЕ ТҮРҒЫСЫЗ» дүние ме, ТАЛҒАМмен таңдалған ТУЫНДЫ ма?