​ӘСКЕРге аттанған ҰЛына «НАННАН АУЫЗ ТИЮ» ырымын бүгінде кім жасап жүр?

0
126

Ошақтан ұзаған оғланды кім және не қорғайды?


​ӘСКЕРге аттанған ҰЛына «НАННАН АУЫЗ ТИЮ» ырымын бүгінде кім жасап жүр?

Сурет: ЖИ

Қазақ халқы үшін нан – тек қарын тойдырар ас емес, береке мен тіршіліктің, амандық пен несібенің басты символы. Соның бір дәлелі – «Наннан ауыз тию» (немесе «Нан ауыз тигізу») ырымы.

Қазіргі күнде көп көріп жүргеніміз – үйге кіріп-шыққан бөтен кісіге «Дәм ауыз ти. Наннан үлкен емессің, тым болмаса наннан ауыз тиіп кет» деп жатамыз. Яғни, дастарханға отыра алмайтын асығыс жандарға ас орнына ұсынамыз.

Бағзыда бұл ырым алыс сапарға аттанған адамның аман-есен оралуын тілеп жасалған. Ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан бұл дәстүрдің астарында терең мағына жатыр. Әсіресе, соңғы уақыттары жиілеп кеткен сарбаздар өлімі тұсында көнекөз қариялар осы ырымның мән-маңызы туралы айтып қалып жатады.


Бүгінде «Наннан ауыз тию» ырымын кімдер жөнімен жасап жатыр? Ошақтан ұзаған оғланды кім және не қорғайды?


«Дәм-тұз тартады» деген сенімнен туған

Ырымның басты мәні қарапайым. Ұзақ жолға, майданға немесе оқуға аттанғалы жатқан адамға арнайылап нан пісіреді. Жолаушы нанның бір бөлігін немесе кішкентай шетін үзіп жейді де, қалған бөлігін үйдегілерге қалдырады. Ата-анасы немесе жары ол нанды таза орамалға орап, «Осы нанның дәм-тұзы тартып, аман-есен үйге оралсын» деген тілекпен қабырғаға іліп немесе сандыққа салып сақтайды.

Ежелгі наным-сенім бойынша, адам баласы қайда жүрсе де өзінің бұйырған дәм-тұзына бағынышты. Жартылай желінген нан – таусылмаған дәм. Ол сапарға шыққан жолаушы мен оның қарашаңырағының арасындағы үзілмейтін рухани арқау іспетті. Сол нан иесін шақырып, оның аман-есен елге оралуына кепіл болады деп сенген.


Тарих пен әдебиеттегі іздері

Көшпелі қоғамда ұзақ сапар белгісіздік пен қауіп-қатерге толы болған. Аттанған жолаушының аман келуі үшін киелі санаған, ас атасы деп атаған нанға үміт артқан.

Бұл ғұрып, әсіресе, ел басына күн туған сұрапыл жылдары айрықша сипатқа ие болған. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде майданға аттанған мыңдаған қазақ сарбазын аналары дәл осылай шығарып салып, нанның қалғанын төрінде сақтаған. Майданнан аман оралған сарбазға сол нанның қалғанын беріп, «дәм-тұз ақталды» деп қуанған.

Қазақтың нанға және сапар ырымдарына қатысты ұғымдары біршама көркем әдебиет пен этнографиялық зерттеулерде кездеседі. Бауыржан Момышұлының соғыс тақырыбындағы жазбаларында, сондай-ақ Бердібек Соқпақбаев, Шерхан Мұртаза, Қасым Қайсенов сияқты майдангер жазушылардың шығармаларында ананың баласына нан ауыз тигізіп, соңғы тілегін айтатын сәттері суреттелген.

Белгілі этнографтар Сейіт Кенжеахметұлының «Қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» кітабында, Жағда Бабалықұлы және Ахмет Тоқтабайдың еңбектерінде бұл дәстүр жолаушыға «Ақ жол» тілеу мен ошақ киесін құрметтеудің жарқын үлгісі ретінде сипатталады.


Бүгінгі күндегі сабақтастық

Уақыт өзгегенімен, ана жүрегінің мейірімі мен ырымға деген сенім өзгерген жоқ. Бүгінде бұл салт кей өңірлерде Отан алдындағы борышын өтеуге кететін жас сарбаздарды шығарып салғанда, шетелге оқуға немесе жұмысқа кетерде жасалып жатады. Ұзақ уақытқа туған жерден жыраққа сапар шегетін балаларға қарашаңырақтан дәм ауыз тигізу түрінде сақталған.

«Наннан ауыз тию» жай ғана ескінің қалдығы емес, ол ұрпақ пен қарашаңырақ арасындағы байланысты ұлықтайтын асыл мұрамыз. Жақын адамының амандығын тілеген ақ ниет, туған шаңырақ пен перзент арасындағы үзілмейтін рухани байланыстың белгісі.

Дайындаған: Т. СЕЙІТХАН,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

ҰЗАТЫЛҒАН қызды КӨТЕРІП ӘКЕТУ – қайдан шыққан салт?

КОСМЕТОЛОГтың БІЛІКТІЛІГІН білдіретін 10 белгі

Оқушыңыз ОЛИМПИАДАдан орын алмай жүр ме? Себебін тауып, түбірін жойыңыз!