Венесуэлада уақытша президент тағайындалды

0
621

Жоғарғы сот бұл қадамның уақытша сипатта екенін атап өтті.


Венесуэлада уақытша президент тағайындалды

Фото: AP Photo / Ariana Cubillos

ERNUR.KZ. Венесуэла Жоғарғы соты елдің бұрынғы атқарушы вице-президенті Делси Родригесті уақытша мемлекет басшысы етіп тағайындады, деп жазады Azattyq Rýhy.

Сот судьясы Таня Д’Амелионың айтуынша, шешім 3 қаңтар күні болған оқиғаларға байланысты қабылданған. Венесуэла билігі бұл жағдайды сыртқы әскери агрессия және елдің қазіргі президенті Николас Мадуроны ұрлау әрекеті ретінде бағалаған.

Жоғарғы сот бұл қадамның уақытша сипатта екенін атап өтті. Негізгі мақсат – мемлекеттік институттардың үздіксіз жұмысын, ұлттық қауіпсіздік пен қорғанысты қамтамасыз ету.

AFP агенттігінің мәліметінше, Николас Мадуро ресми түрде президенттік қызметінен шеттетілген жоқ. Бұл – маңызды жайт. Себебі, мемлекет басшысы қызметінен алынған деп танылса, Венесуэла конституциясы бойынша 30 күн ішінде жаңа президент сайлауы өтуге тиіс болар еді.

DPA агенттігінің хабарлауынша, Делси Родригес уақытша президент міндетін атқаруға дайын екенін мәлімдеген. Сонымен бірге ол көпшілік алдында Николас Мадуроға адалдығын жасырған жоқ.

«Бұл елде бір ғана президент бар. Оның аты – Николас Мадуро Морос», – деді Делси Родригес Ұлттық қорғаныс кеңесінің отырысында.