Наталья осы жылдың қаңтар айында құрбысымен бірге Джакарта қаласына барып, Азияда шамамен үш ай демалуды жоспарлаған.
Туыстарының айтуынша, Наталья осы жылдың қаңтар айында құрбысымен бірге Джакарта қаласына барып, Азияда шамамен үш ай демалуды жоспарлаған. Демалыс кезінде ол 37 жастағы индонезиялық азаматпен танысып, араларында курорттық роман басталған. Алайда елге қайтатын кезде жағдай күрт өзгерген. Жақындарының сөзінше, әлгі ер адамның адамдары Натальяны ұшақтан күштеп түсіріп, алып кеткен. Олар бұл адамның жергілікті қылмыстық топтарға қатысы бар екенін айтады.
"Оны ұшақтан алып кеткен адамдар қарапайым емес. Біздің түсінуімізше, бұл адам Индонезиядағы қылмыстық ортаға жақын", – деген Натальяның ағасы Вячеслав РЕН ТВ арнасына.
Қазір Натальяның паспорты тартып алынған, өзі жалдамалы бөлмеде қамалып отыр. Ұрлаған адам кейде оған анасына бейнеқоңырау шалуға рұқсат береді.
Жақындарының айтуынша, индонезиялық ер адам жақын арада Натальяны Ресей елшілігіне апарып, визасын ұзартатынын айтқан. Алайда туыстары бұл уәдеге сенбей, әйелдің өмірі үшін алаңдап отыр.
Отбасы Ресей елшілігі арқылы көмек сұраған. Олар дипломаттар мен жергілікті билік тез арада араласады деп үміттенеді.
aif.ru мәліметінше, Наталья Рукавишникова – блогер, психолог және жеке даму бойынша тәлімгер. Ол соңғы рет 28 наурызда жазылушыларымен байланысқа шыққан. Сол күні Бали аралындағы спа-кешеннен бейнежазбалар жариялап, аудиториясын аралға келіп, рухани-энергетикалық тәжірибелерден өтуге шақырған.


