Компания өкілдері оқиға алдында нысаннан адамдар эвакуацияланғанын нақтылады.
Әлеуметтік желілерден алынған фото
ERNUR.KZ. Ресейде Wildberries компаниясының логистикалық нысандары тағы өртеніп жатыр. Бұл жолы Ленинград облысының Красный Бор елді мекеніндегі компания қоймасында өрт шыққаны расталды. Сонымен қатар Мәскеу облысының Чехов округіндегі өндірістік аймақта орналасқан қоймада өрт шығып, ресми мәліметтер бойынша бес адам қаза тапты, зардап шеккендер бар, деп жазады Tengri Life.
Жаңа өрттер туралы не белгілі
Wildberries өрт Ленинград облысы Красный Бордағы компанияның логистикалық нысанында шыққанын хабарлады.
"Компанияның Красный Бордағы (Ленинград облысы) логистикалық нысанында өрт шықты. Оқиға орнында өрт сөндіру есептері жұмыс істеп жатыр", - деп хабарлады баспасөз қызметі.
Компания өкілдері оқиға алдында нысаннан адамдар эвакуацияланғанын нақтылады.
"Нысанда алдын ала эвакуация жүргізілді. Болжам бойынша, зардап шеккендер жоқ", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ Wildberries логистика жұмысына уақытша өзгерістер енгізілгенін мәлімдеді.
"Ағымдағы жеткізілімдерді қабылдау уақытша шектелді, олар басқа нысандарға қайта бағытталды", - деп атап өтті компания.
Ленинград облысының губернаторы Александр Дрозденко Красный Бор елдімекені маңындағы қойма аймағында өрт болғанын хабарлады. Оның айтуынша, бір адам зардап шеккен, оқиға орнында жедел штаб құрылған.
"Красный Бор қойма аймағындағы өрттен кейін жедел штаб құрылды. Өртті сөндіру үшін қажетті күштер мен құралдар жұмылдырылды", - деді Александр Дрозденко.


