Орталық Азия елдеріне тасымал көлемі 32% өсті.
© АО "НК "Қазақстан темір жолы"
ERNUR.KZ Осы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша Орталық Азия мемлекеттеріне жөнелтілген астық көлемі 5,6 млн тоннаны құрады, деп хабарлады Көлік министрлігі, деп жазады sputnik.kz.
Бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 32%-ға көп. Тек қараша айында экспортқа 1,2 млн тоннадан астам астық жөнелтілді, оның шамамен 0,7 млн тоннасы Орталық Азия елдері бағытына тиесілі.
"Аталған бағыттағы өткізу көлемінің артуы Өзбекстан Республикасындағы қабылдау терминалдарының шамадан тыс жүктелуіне алып келді. Бұл өз кезегінде екі елдің көлік әкімшіліктері арасында жедел және келісілген шаралар қабылдауды талап етеді", - деп атап өтті ведомство.
Өзбекстан тарапындағы өткізу және өңдеу мүмкіндіктерін ескере отырып, астық экспортын ұйымдастыруға қатысты нақтыланған шешімдерді әзірлеу мақсатында Өзбекстан теміржолдарымен келісім бойынша 8–9 желтоқсанда Сарыағаш және Ташкент қалаларында бірлескен кеңес өткізу туралы шешім қабылданды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан үкіметі астық экспортына қосымша 7 млрд теңге бөлген болатын. Қаражат көлік шығынын субсидиялап, мемлекеттің міндеттемелерін толық орындауға, сондай-ақ басымдыққа ие шетелдік нарықтарға жеткізуді одан әрі ынталандыруға бағытталады.


