​Лиссабонда фуникулер апатынан қаза тапқандардың басым бөлігі шетел азаматтары

0
207

3 қыркүйекте Лиссабонда танымал «Глория» фуникулері апатқа ұшырап, кемінде 15 адам көз жұмған болатын.


​Лиссабонда фуникулер апатынан қаза тапқандардың басым бөлігі шетел азаматтары

Фото: ANTÓNIO DOS REIS CAMPOS

ERNUR.KZ. Португалия астанасы Лиссабонда болған фуникулер апатында қаза тапқандардың басым бөлігі шетел азаматтары болып шықты. Бұл туралы елдің полициясы мәлімдеді, деп жазады inform.kz.

Полиция дерегінше, апат салдарынан көз жұмған 16 адамның 11-і шетелдіктер. Қаза тапқандардың арасында бес португалиялық, үш британ азаматы, екі канадалық, екі оңтүстіккореялық, сондай-ақ америкалық, француз, швейцариялық және украин азаматы бар. Оқиға кезінде 21 жолаушы жарақат алды.

Бастапқыда қаза тапқандардың арасында неміс азаматы бар деп хабарланғанымен, кейін ол Лиссабондағы ауруханалардың бірінен тірі табылды. Құқық қорғау органдары бұл қателіктің себебін түсіндірген жоқ.
Қайғылы оқиға 3 қыркүйек күні кешке Elevador da Glória фуникулері қозғалыс кезінде рельстен шығып кеткен сәтте орын алған. Ұлттық ескерткіш мәртебесіне ие сары-ақ түсті вагон апат кезінде жергілікті тұрғындар мен туристерге толы болған.
Португалия премьер-министрі Луиш Монтенегру бұл оқиғаны «елдің жаңа тарихындағы ең ірі қайғылы оқиғалардың бірі» деп атады.
Қазіргі таңда бірнеше мемлекеттік орган тергеу жүргізіп жатыр. Мемлекеттік авиациялық және теміржол апаттарын тергеу басқармасы апат орнындағы сараптаманы аяқтағанын және жұма күні алдын ала техникалық есепті жариялайтынын хабарлады. Ал полицияның алдын ала есебі 45 күн ішінде дайын болады деп күтілуде.
Апаттан кейін вагонның сынықтары оқиға орнынан алынып, полицияның бақылауына берілді.
Еске сала кетсек, 3 қыркүйекте Лиссабонда танымал «Глория» фуникулері апатқа ұшырап, кемінде 15 адам көз жұмған болатын. Португалия қаза тапқандарға байланысты аза тұту күнін жариялады.