Lianhe Zaobao басылымының хабарлауынша, жер бетіндегі алғашқы «робот-киік» жуырда Тибет жотасындағы Көкшіл қорығында сынақтан өткізілген.
Фото: Синьхуа
ERNUR.KZ. Қытайлық компания түр-тұлғасы тибет бөкенінен аумайтын төрт аяқты робот жасап шығарды, деп жазады kaz.inform.kz.
Ол қазірдің өзінде бөкен үйіріне қосылып, түз тағыларын жақыннан суретке түсіріп жүр. Ғалымдардың айтуынша, бұл тәжірибе жабайы жануарлардың тіршілігін етене бақылап, шынайы бейнежазба мен фотодеректер жинауға жол ашады.
Lianhe Zaobao басылымының хабарлауынша, жер бетіндегі алғашқы «робот-киік» жуырда Тибет жотасындағы Көкшіл қорығында сынақтан өткізілген.
Бұл құрылғы Қытайдың белгілі компаниясы әзірлеген Jueying X30 төрт аяқты роботы негізінде жасалған. Ол жасанды интеллект арқылы оқытылған, қарлы дала, сазды алқап, шөл және өзен секілді күрделі жер бедеріне бейімделген. Оның түр-түсі мен тұлғасы тибет бөкеніне ұқсайды, тек жүрісі дала тағысындай жеңіл әрі шапшаң емес.
Тибет бөкені адамнан қатты сақтанатындықтан, оларды жақыннан бақылау мүмкін емес. Ал «робот-киік» Көкшілдің күрделі табиғатына бейімделгендіктен, үйірлерді еркін аралап, жануарларды кедергісіз бақылауға мүмкіндік береді.
Ғалымдар бұл жаңалық тибет бөкенін зерттеудегі шектеулерді еңсеріп, түз тағыларының мінез-құлқы мен тіршілік дағдысын анықтауға анағұрлым нақты әрі сенімді деректер береді деп отыр.
Арғы беттегі ағайын «жорға» деп атап кеткен тибет бөкені – Қытайда бірінші санаттағы қорғалатын жануарлардың бірі. Олар негізінен Цинхайдағы «Үш қайнар» аймағын, Тибеттегі Чангтан жотасын және Шынжаңдағы Алтынтау қапталын мекен етеді. Жыл сайын жазғы салым Көкшілдегі Жоно көлінің маңына топталып, төлдейді. Табиғаттың бұл ерекше құбылысы тұяқтылардың жер бетіндегі ең ауқымды қозғалысы ретінде бағаланады.