Ғалымдар ұсынған жобаға сәйкес, алдымен арнайы ғарыш аппараты астероидтың ішіне металл пенетраторды (тесіп енетін арнайы құрылғыны) енгізеді.
Сурет: pexels
Зерттеу нәтижелері Space: Science & Technology ғылыми журналында жарияланып, кейін бұл туралы South China Morning Post басылымы жазды.
Ғалымдар ұсынған жобаға сәйкес, алдымен арнайы ғарыш аппараты астероидтың ішіне металл пенетраторды (тесіп енетін арнайы құрылғыны) енгізеді. Бұл құрылғы астероидтың терең қабатына дейін тесік бұрғылайды. Одан кейін екінші ғарыш аппараты сол тесікке ядролық жарылғыш құрылғыны жеткізіп, оны астероидтың ішінде жарып жібереді.
Компьютерлік модельдеу нәтижелері көрсеткендей, қуаты 3 мегатонна болатын ядролық жарылыс диаметрі шамамен 100 метрлік астероидты толықтай жоюға қабілетті.
Зерттеушілердің айтуынша, егер ядролық заряд астероидтың бетіне емес, шамамен 30 метр тереңдікке орналастырылса, оның әсер ету тиімділігі жер бетінде жарылғанмен салыстырғанда үш еседен астам жоғары болады.
Ғалымдардың пікірінше, бұл тәсіл 2022 жылы NASA жүзеге асырған DART миссиясына қарағанда әлдеқайда тиімді болуы мүмкін. Ол кезде ғарыш аппараты астероидпен әдейі соқтығысып, оның қозғалыс жылдамдығын аз ғана өзгерте алған еді.
Зерттеушілердің айтуынша, егер Жерге қарай келе жатқан ірі астероид оның соқтығысуына аз уақыт қалғанда ғана анықталса, ядролық әдіс планетаны қорғаудың жалғыз тиімді жолына айналуы мүмкін. Алайда мұндай миссияны жүзеге асыру үшін қауіпті нысанды алдын ала ерте анықтау, сондай-ақ ғарышқа ауыр жүктерді шығара алатын аса қуатты зымыран-тасығыштар қажет болады.


