Қырғызстанда тұтынушылар 2026 жылдан бастап даяшының қызметіне ақы төлемейді

0
118

Министрлік өкілі жаңа талаптарды орындамаған кәсіпкерлерге әкімшілік жаза қолданылатынын да атап өтті.


Қырғызстанда тұтынушылар 2026 жылдан бастап даяшының қызметіне ақы төлемейді

Фото: Кабар

ERNUR.KZ. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қырғызстанда қоғамдық тамақтану орындарында қызмет көрсеткені үшін қосымша ақы алуға тыйым салынады. Бұл туралы «Кабар» агенттігіне Экономика және сауда министрлігінің Монополияға қарсы саясат басқармасының басшысы Акылай Кожомбердиева хабарлады, деп жазады inform.kz.

Оның айтуынша, тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында жаңа үкімет қаулысы күшіне енеді. Құжатқа сәйкес, кафе мен мейрамханалар өз жұмыс шарттарын заң аясында өздері белгілей алады, алайда қызмет көрсеткені үшін бөлек ақы сұрауға болмайды.

Яғни тағамды ұсыну, сервировка жасау немесе даяшының өзге де қызметтері негізгі тапсырыс бағасына кіргізілуі тиіс. Барлық қызметтердің құны мәзірде немесе тұтынушыға алдын ала құжаттарда көрсетілген бағамен толық сәйкес болуы керек.
Акылай Кожомбердиеваның айтуынша, ешбір қоғамдық тамақтану орны «қызмет ақысы» деген сылтаумен қосымша төлем талап етпеуге тиіс. Даяшылардың еңбекақысын да, өзге де шығындарды да мекеме иесі өзі өтеуі қажет.
«Бұл мәселе көтерілгенде кейбірі „онда тамақ қымбаттайды“ деп қорқытты. Бірақ тағам бағасына аспаз еңбегі мен өзге шығындар бұрыннан енгізілгенін ұмытпаған жөн. Ал даяшылардың жалақысын қарапайым тұтынушы емес, жұмыс беруші төлеуі тиіс», – деді ол.
Министрлік өкілі жаңа талаптарды орындамаған кәсіпкерлерге әкімшілік жаза қолданылатынын да атап өтті.
Еске сала кетсек, бұған дейін елімізде оңайлатылған салық режимінде жұмыс істеп келген кәсіпкерлердің басым бөлігі үшін жағдай өзгермейтінін жазғанбыз.