Тимурдың робот жасау идеясы 15 жасында пайда болған.
Фото: сюжет кадрларынан скрин
ERNUR.KZ. Алматы тұрғыны Тимур Рыспеков роботты ой күшімен басқаруға мүмкіндік беретін жүйе жасап жатыр. Оның ерекшелігі — робот адамның ми сигналдарына бағынумен қатар, өзіне қажетті бөлшектерді жобалап, құрылымын өзі құрастыра алады, деп жазады stan.kz.
Тимурдың робот жасау идеясы 15 жасында пайда болған. Қазір ол бірнеше нейрожеліні біріктіретін Extella платформасын жетілдіріп жатыр. Өнертапқыштың мақсаты — технологияның көмегімен адамдардың мүмкіндігін кеңейтіп, әсіресе мүгедектігі бар жандардың күнделікті тіршілікте өзгелерге тәуелділігін азайту.
Тимурдың айтуынша, роботтар адамның физикалық тұрғыдан орындай алмайтын кейбір әрекеттеріне көмектесе алады. Ал Extella платформасы адам мен бірнеше роботтың бірлесіп, ортақ міндетті орындауына мүмкіндік беретін жүйе ретінде жасалып жатыр.
Тимур 2017 жылы "Қазақстанның 100 жаңа есімі" жобасының жеңімпаздарының бірі атанды. Бір жылдан кейін командасымен бірге NASA ұйымдастырған халықаралық байқауда марапатқа ие болды. Алайда алғашында оның бұл идеяларына жақындары да сене қоймаған.
“Тимур бала кезінен тыныш, сабырлы бала болды. Басқалар компьютерлік ойын ойнап жүргенде, ол оған мүлде қызықпайтын. Оның орнына компьютердің ішкі жүйелерін, түрлі процестердің қалай жұмыс істейтінін зерттегенді ұнататын. Шынымды айтсам, мен де бастапқыда сенбедім. Ол кезде бұл фантастика әлемінен алынған нәрсе сияқты көрінетін”, – деді Тимурдың ағасы Дамир Рыспеков.
Қазір Тимур Қазақстандағы және шетелдегі компаниялармен жұмыс істейді. Оның өнертабыстарына Канада, АҚШ, Мексика және Еуропаның бірнеше елінде патент берілген. Өнертапқыш болашақта күнделікті қайталанатын жұмыстарды роботтарға тапсырып, адамдардың шығармашылыққа, жаңа идеяларға көбірек уақыт бөлгенін қалайды.


