Қырғызстанда құжаттарда жынысты өзгертуге тыйым салынуы мүмкін

0
98

Депутаттар осындай бастама көтерді.


Қырғызстанда құжаттарда жынысты өзгертуге тыйым салынуы мүмкін

Фото: canva

ERNUR.KZ. Қырғызстанда Жогорку Кенеш депутаттары құжаттарда биологиялық жынысты өзгертуге тыйым салуды белгілейтін заң жобасын ұсынды, деп жазады inbusiness.kz.

Жогорку Кенештің ресми сайтында жарияланған құжатқа сәйкес, елдің Отбасы кодексіне, "Азаматтық хал актілері туралы" және "Қырғыз Республикасындағы азаматтардың денсаулығын қорғау туралы" заңдарға өзгерістер енгізу ұсынылып отыр. Негізгі мақсат отбасы институтын, демографиялық қауіпсіздікті қорғау, сонымен қатар ұлттық-мәдени бірегейлік пен дәстүрлі құндылықтарды сақтау делінген.

Түсіндірмеде көрсетілгендей, медициналық технологиялар дамыған сайын заңнамалық реттеулер оған ілесе алмай келеді. Нәтижесінде азаматтық хал актілерінде медициналық анықтамалар негізінде жынысты өзгертуге мүмкіндік беретін құқықтық олқылық пайда болған. Түзетуге бастамашы болғандар мұндай тәжірибе демографиялық саясатқа, қоғамдық құндылықтарға және ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіруі мүмкін деген пікірде.

Құжатта қырғыз мәдениетінде еркек пен әйел ұғымдары анық көрсетілгені атап өтілген. Құжаттарда жынысты өзгерту некеге тұру, ата-ана құқығы және мұрагерлік қатынастар саласында құқықтық қайшылықтарға әкелуі ықтимал екендігі де айтылған. Бұдан басқа жазаларды орындау, әскери есепке алу және жеке басын анықтау кезінде де бірқатар қиындықтар әкеліп, спорттық жарыстарда әділетсіз бәсеке тудыруы мүмкін.

Осыған байланысты азаматтық хал актілері мен басқа да ресми құжаттарда биологиялық жынысты өзгертуге тікелей тыйым салуды заңмен бекіту ұсынылып отыр.