Хаменеи өлімі: Иранда 40 күндік аза тұту жарияланды

0
74

Хаменей сенбі күні соққылар кезінде көз жұмды.


Фото: IRNA

ERNUR.KZ. Иран АҚШ пен Израильдің шабуылынан қаза тапқан Жоғарғы көшбасшы аятолла Али Хаменеиге байланысты 40 күндік аза тұту кезеңін бастады, деп жазады BAQ.KZ.

Әл-Жазира басылымы жазғандай, сенбі күнгі соққылар кезінде бірқатар жоғары лауазымды қауіпсіздік өкілдері, сондай-ақ Хаменейдің қызы, күйеу баласы мен немересі де көз жұмған. Бұл оқиға 1979 жылғы Ислам революциясынан бергі Иран билігіне жасалған ең ауыр соққылардың бірі ретінде бағаланып отыр.

Президент Масуд Пезешкиан қастандықты «аса ауыр қылмыс» деп атап, елде қосымша жеті күндік демалыс жариялады.

Тегеранда мыңдаған адам көшеге шығып, аза рәсімдеріне қатысуда. Қаралы жиындар Мешхедтегі Имам Реза кесенесінде де өтті. Сонымен қатар Шираз, Ясудж және Лурестан қалаларында наразылық шерулері тіркелді. Көрші Иракта да үш күндік аза тұту жарияланды.

Иранның ресми IRNA агенттігі елді уақытша басқару үш адамнан тұратын кеңеске жүктелгенін хабарлады. Кеңес құрамына президент, сот жүйесінің басшысы және Қамқоршылар кеңесінің бір мүшесі кіреді. Олар жаңа Жоғарғы көшбасшы сайланғанға дейін елді басқарады.

Өз кезегінде Ислам революциясы сақшылар корпусы АҚШ пен Израильден кек алатынын мәлімдеп, аймақтағы америкалық базалар мен Тель-Авивтегі әскери нысандарға соққы жасағанын хабарлады. Жарылыстар Катар мен Біріккен Араб Әмірліктерінде де тіркелген.

АҚШ президенті Дональд Трамп Иран қарымта жауап берсе, «бұрын-соңды болмаған күшпен» соққы жасалатынын ескертті.

Иран Қызыл Жарты айының мәліметінше, соңғы шабуылдар салдарынан елдің 24 провинциясында кемінде 201 адам қаза тапқан. Оңтүстіктегі Минаб қаласында қыздарға арналған мектепке жасалған соққыдан 148 адам мерт болып, ондаған адам жараланған.

Аймақтағы жағдай шиеленісті күйінде қалып отыр.