Иран Кувейттегі АҚШ-тың HIMARS кешендеріне дронмен соққы жасады

0
79

БҰҰ екі тарапты сабырға шақырды.


Иран Кувейттегі АҚШ-тың HIMARS кешендеріне дронмен соққы жасады

Фото: видеодан скриншот

ERNUR.KZ. Ислам революциясының сақшылар корпусы (ИРСК) ұшқышсыз ұшу аппараттарының көмегімен Кувейтте орналасқан Американың HIMARS зымыран кешендерінің ұшыру қондырғыларына шабуыл жасады, деп жазады Azattyq Rýhy.

Иранның Fars ақпараттық агенттігінің хабарлауынша, жоғары дәлдікпен жасалған операция барысында «жер-жер» класындағы зымыран қондырғылары мен оқ-дәрі қоймалары жойылған.

Тегеранның мәлімдеуінше, бұл нысандар Иран аумағына соққы беру үшін дайындалған. Бұл операция АҚШ Қарулы Күштерінің Орталық қолбасшылығы Ормуз бұғазы аймағындағы Иран нысандарына кезекті мәрте соққы бергеннен кейін болған.

Бұл жағдай аймақтағы ахуалды ушықтырып, бұған дейін қол жеткізілген уақытша бітім туралы келісімдердің бұзылуына алып келді. Әлеуметтік желілерде соққы жасалған орындардан қою түтіннің кадрлары тарап жатыр.

Жағдайдың ушығуына байланысты БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш тараптарды ұстамдылыққа шақырып, кең ауқымды әскери қимылдардың қайта басталуы аймақтық және жаһандық қауіпсіздік үшін апатты салдарға әкелетінін ескертті.