Иран тарихындағы ең ұзаққа созылған интернет шектеуі болып отыр.
Фото: iStockphoto
ERNUR.KZ. Иран билігі интернетті бұғаттан шығарды. Халық желіге қосылуға ішінара қол жеткізді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Биыл 28 ақпанда АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери қимылдары басталған тұста ресми Тегеран желіні толықтай бұғаттаған болатын. Билік шараны кибершабуылдардың, аңду мен тыңшылық әрекеттердің алдын алу қажеттілігімен түсіндірді. Тұп-тура 88 күннен кейін байланыс қайта жанданды.
Иранның бірінші вице-президенті Мохаммад Реза Ареф президент Масуд Пезешкианның тапсырмасына сәйкес, елде «еркін әрі реттелетін» интернетке көшудің алғашқы қадамы жасалғанын хабарлады.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, үш айға созылған цифрлық оқшаулау әсіресе шетелдегі жақындарымен байланыса алмаған отбасыларға және интернет арқылы табыс тауып отырған кәсіпкерлерге ауыр соққы болған. Желінің қосылуы Telegram және WhatsApp сияқты ірі мессенджерлер мен қолданбалардың жұмысын ішінара жандандырды. Дей тұрғанмен, NetBlocks халықаралық ұйымы Ирандағы интернетке қолжетімділік әлі де қатаң сүзгіден өтіп жатқанын хабарлады.


