Фото: Синьхуа
ERNUR.KZ. Индонезияның Батыс Ява провинциясының Батыс Бандунг аймағында сенбі күні су тасқыны салдарынан 7 адам көз жұмды, жүздеген адам із-түзсіз жоғалып кетті, деп жазады kaz.inform.kz.
Төтенше оқиға жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 03:00 шамасында болған. Тұрғындар қатты гүрілді естігенін, артынан Пасиркунинг ауылынан Пасир-Куда ауылына қарай лай көшкіні ағып жатқанын байқап, хабар берген. Ондаған баспана қирандылардың астында қалды.
Полицияның алдын ала мәліметінше, сенбі күні жергілікті уақыт бойынша сағат 12:00–де 7 мәйіт табылды. Бірнеше жүздеген адам әлі үйінділер астынан шығарылмады. Із-түзсіз жоғалғандар саны артып отыр. Қазіргі таңда құтқарушылар іздеу, құтқару жұмыстарын жалғастырып жатыр. Алайда олардың жұмысына қиын жер бедері, көшкіннің үлкен қалыңдығы және жауын-шашынның толассыз жаууы кедергі келтіріп отыр.
Жергілікті билік зардап шеккен аймаққа жақын тұратын тұрғындарды апаттың одан әрі қайталану қаупіне байланысты сақтық танытып, көшкін қаупі бар аймақтардан аулақ болуға шақырды.


