Зымыран ашық жерге құлаған.
Фото: Анадолу
ERNUR.KZ. Йемендегі хуситтер АҚШ пен Израильдің Иранмен қақтығысы басталғалы бері алғаш рет Израиль аумағына зымыранмен соққы жасады, деп жазады inform.kz.
Израиль армиясының мәліметінше, Иран қолдайтын хуситтер Йемен аумағынан зымыран ұшырған. Зымыран ашық жерге құлаған.
Израильдік БАҚ-тың хабарлауынша, зымыран соққысына байланысты елдің орталық бөлігінде, әсіресе Тель-Авив қаласында әуе дабылы қосылған.
Қызыл Давид жұлдызы жедел қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, алдын ала деректер бойынша, зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ.
Анадолу агенттігі хуситтер Израильге алғашқы соққыны 28 наурызда жасағанын жазады. Бұл Иранға қарсы шабуылдар басталғаннан кейінгі алғашқы әрекет ретінде бағаланып отыр.
Хуситтердің әскери өкілі Яхья Сери бұл жөнінде мәлімдеме жасап, қозғалыстың АҚШ пен Израильге қарсы соғысқа қосылғанын мәлімдеді.
– Біз алғашқы әскери операцияларды жүзеге асырып, оккупацияланған Палестинаның оңтүстігіндегі маңызды әскери нысандарға баллистикалық зымырандармен соққы жасадық, – деді ол.


