Google-ға бәсекелестік ережесін бұзғаны үшін 1 миллиард доллар айыппұл салынды

0
106

Айыппұл Еуропалық одақтың Цифрлық нарықтар туралы заңына сәйкес салынды.


Google-ға бәсекелестік ережесін бұзғаны үшін 1 миллиард доллар айыппұл салынды

Фото: Adobe Stock

ERNUR.KZ. Еуропалық одақ Google-ға цифрлық нарықтардағы бәсекелестік ережелерін бұзғаны үшін 890 миллион еуро, шамамен 466 820 000 000 теңге көлемінде айыппұл салды, деп жазады stan.kz.

Еуропалық комиссияның мәліметінше, компания Google іздеу жүйесі мен Google Play қосымшалар дүкенінде өз сервистеріне бәсекелестеріне қарағанда артықшылық берген.

Атап айтқанда, іздеу нәтижелері пайдаланушыларға алдымен Google-ға тиесілі қызметтерді көрсететіндей етіп жасалған. Мысалы, әуе билеттерін, қонақүйлерді немесе мейрамханаларды іздеген кезде Google сервистері жоғары шыққан. Соның салдарынан бәсекелес компанияларға іздеу жүйесі арқылы клиент тарту қиындаған.

Еурокомиссияның шағымдары Google Play платформасына да қатысты. Реттеушінің пікірінше, компания әзірлеушілердің пайдаланушыларға қосымшаға жазылымды немесе цифрлық қызметтерді Google Play-ден тыс жерде арзанырақ сатып алуға болатынын хабарлауына шектеу қойған. Осылайша Google өз платформасы арқылы жүргізілген төлемдерден комиссия алып келген.

"Ең үздік өнімдер іздеу жүйесіне иелік ететін компанияға тиесілі болғандықтан емес, шынымен де сапасы жоғары болғандықтан ғана табысқа жетуі керек. Әзірлеушілер Google сатып алудан комиссия алмаса да, пайдаланушыларды тиімдірек ұсыныстарға бағыттай алуы тиіс", – деді Еурокомиссияның атқарушы вице-президенті Тереса Рибера.

Айыппұл Еуропалық одақтың Цифрлық нарықтар туралы заңына сәйкес салынды. Бұл заң цифрлық қызметтерге пайдаланушылар мен бизнестің қолжетімділігін бақылайтын ірі технологиялық платформаларға қолданылады. Еуроодақ мұндай компанияларды "қолжетімділікті бақылаушылар" деп атайды.

Олардың қатарына Google-дың иесі Alphabet, сондай-ақ Amazon, Apple, Meta, Microsoft және TikTok платформасының иесі ByteDance кіреді. Еуропалық ережелерге сәйкес, бұл компаниялар өз платформаларын жеке қызметтерін жасанды түрде алға жылжытуға немесе бәсекелестерін шектеуге пайдаланбауы керек.

Google бұл шешіммен келіспейтінін мәлімдеді. Компанияның жаһандық мәселелер жөніндегі президенті Кент Уокер Еуроодақтың талаптары еуропалық пайдаланушылар мен бизнеске ұсынылатын сервистердің сапасын төмендететінін айтты.

Оның сөзінше, компания іздеу жүйесінен қонақүйдегі бос орындар, әуе билеттерінің бағасы мен қолжетімділігі, сондай-ақ мейрамханалардағы орындар туралы ақпаратты бірден көрсететін функцияларды алып тастауға мәжбүр болады. Сондай-ақ ол Google Play-дегі өзгерістер пайдаланушыларды қауіпті қосымшалар мен қауіпсіз емес төлемдерден қорғау деңгейін әлсіретуі мүмкін екенін айтты.