2023 жылғы қазаннан 2025 жылғы 7 маусымға дейін Израиль авиациясының соққыларына ұшыраған бұл ғимаратта ондаған адам қаза тапқан.
Фото: wafa.ps
ERNUR.KZ. Газа секторының оңтүстігіндегі Сабра ауданында орналасқан Абу Шерия мен әл-Хасайине әулеттеріне тиесілі қираған ғимараттың үйіндісінен осы екі отбасының 99 мүшесінің мәйіті шығарылды, деп жазады inform.kz.
2023 жылғы қазаннан 2025 жылғы 7 маусымға дейін Израиль авиациясының соққыларына ұшыраған бұл ғимаратта ондаған адам қаза тапқан. Қаза тапқандардың басым бөлігінің мәйіттері үйінді астында қалып қойған.
Іздестіру-құтқару топтары техникалық қиындықтар мен операцияның күрделілігін атап өтіп, Израильдің Газа секторына жасаған шабуылдары салдарынан қираған ғимараттардың үйінділерінің астында әлі де мыңдаған адамның мәйіті жатқанын мәлімдеді.
Газадағы үйінді мәселесі
Израильдің шабуылдары салдарынан Газада 50–68 миллион тоннаға дейін үйінді пайда болды. Сол үйінділердің астында әлі күнге дейін шығарылуын күтіп жатқан шамамен 8 500 адамның мәйіті бар.
Өткен жылы қазанда жасалған атысты тоқтату туралы келісімнің алғашқы кезеңінде өңірге ауыр техниканы кіргізу қарастырылғанына қарамастан, Израиль шекара өткелдерін жабық ұстап, қалаға гуманитарлық көмектің жеткізілуіне мүмкіндік бермей отыр.
Қазіргі жағдайда өңірдегі жалғыз ауыр техникамен іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатқан азаматтық қорғаныс бөлімшелері халықаралық қауымдастық қажетті техникалық қолдау көрсеткен жағдайда ғана бірнеше жылға созылуы мүмкін бұл жұмысты шамамен үш айдың ішінде аяқтай алатынын мәлімдеді.


