Ғалымдар Жер халқын екі есе қысқартуды ұсынды

0
71

Қазіргі таңда Жер бетінде сегіз миллиардтан астам адам тұрады.


Ғалымдар Жер халқын екі есе қысқартуды ұсынды

фото:depositphotos.com

ERNUR.KZ. Бір топ ғалым Жер шары халқын қазіргі деңгейден екі есе азайту табиғи ресурстарға түсетін салмақты жеңілдетіп, орнықты болашаққа септігін тигізеді деген тұжырымға келді. Олардың жұмысы Sustainable Development журналында жарияланды, деп жазады tengrinews.kz.

Қазіргі таңда Жер бетінде сегіз миллиардтан астам адам тұрады. Бұл ретте адамзат экожүйелерге орасан зор салмақ түсіріп отыр. Қоршаған ортаға әсерді азайту үшін ғалымдар халық санын 2200 жылға қарай біртіндеп төрт миллиардқа дейін қысқартуды ұсынды.

Авторлар мұндай тұжырымдардың адамзатқа қарсы немесе авторитарлық сипатта көрінуі мүмкін екенін мойындады. Соған қарамастан, олар бұл қадамды ұзақ мерзімді аман қалудың гуманистік стратегиясы ретінде қарастыру керек деп мәлімдейді.

Олардың пікірінше, мұндай стратегия табиғат пен адамзат үшін пайдалы. Зерттеушілер халық санының азаюы табиғи ресурстарға түсетін жүктемені және қоршаған ортаның ластануын азайтатынына сенімді. Сонымен қатар бұл бала туу көрсеткіші жоғары аймақтардағы кедейлік деңгейіне оң әсер етіп, ресурстар үшін талас пен көші-қон мәселесін азайтады, ал халық тығыз орналасқан аудандарда өмір сүру сапасы, керісінше, арта түспек.

Бұл ретте авторлар халық санын бақылаудың күштеу әдістерін қолданудың қажеті жоқтығына сендірді. Оның орнына олар бала туу көрсеткіші жоғары кедей аймақтардың әлеуметтік даму мүмкіндіктерін пайдалануды ұсынды. Осындай шаралардың бірі ретінде қыздардың білім алуына жағдай жасауды атады.

Әйелдер білім алуға және бала туу туралы шешім қабылдауға мүмкіндік алған кезде, туу көрсеткіші табиғи түрде тұрақталған. ғалымдар мысал ретінде Иран, Оңтүстік Корея және Коста-Риканы келтірді. Бұл елдерде 10-20 жыл ішінде туу көрсеткіші шамамен екі есеге — халықтың өзін-өзі толықтыру деңгейіне дейін немесе одан да төмен деңгейге түскен.

Сонымен қатар халықты азайту идеясына қарсылық білдірушілер де аз емес. Олардың айтуынша, көптеген проблема планетадағы адам санына емес, ресурстардың тең бөлінбеуіне байланысты. Сондай-ақ қарсыластар өткен ғасырлардағы халық санын бақылау әрекеттері мәжбүрлі стерилизацияға және репродуктивті құқықтардың шектелуіне әкеп соқтырғанын еске салады.

Дегенмен, зерттеу авторлары өздерінің идеясы бұрынғылардан өзгеше екенін айтады. Зерттеушілер планета ресурстары шектеулі екенін және әл-ауқат пен материалдық тұтынудың шексіз өсуін қамтамасыз ете алмайтынын ескертті. Олардың пікірінше, орнықты дамуға қол жеткізу үшін халық өсімін бәсеңдетумен қатар, әрбір адамның қоршаған ортаға тигізетін әсерін азайту қажет.