Қазақстан мен Қытай арасында да визасыз келісім 2023 жылы енгізілген болатын.
ERNUR.KZ. Ресей президенті Владимир Путин Қытай азаматтарының Ресейге визасыз кіруіне рұқсат беретін жарлыққа қол қойды, деп жазады baq.kz.
rbc.ru мәліметінше, жарлыққа сәйкес, 2026 жылдың 14 қыркүйегіне дейін Қытай азаматтары Ресейге жалпы азаматтық паспортпен визасыз кіріп, елде 30 күнге дейін бола алады. Визасыз режим туристік, қонақтық, іскери мақсаттармен баруға, түрлі іс-шараларға қатысуға немесе транзиттік өтуге рұқсат береді.
Алайда бұл тәртіп Ресейге жұмыс істеу, оқу, тұрақты тұру немесе халықаралық автокөлік тасымалы саласында қызмет көрсету мақсатымен келетіндерге қолданылмайды (оның ішінде жүргізушілер, экипаж мүшелері, экспедиторлар және аудармашылар).
Жарлық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Айта кетейік, Қытай Ресей азаматтары үшін визасыз режимді 15 қыркүйектен бастап бір жылдық сынақ режимінде енгізген болатын. Екі елдің келісімі бойынша визасыз жүріс 2026 жылдың 14 қыркүйегіне дейін жалғасады. Ресей азаматтары ҚХР аумағында 30 күнге дейін іскерлік, туристік, экскурсиялық мақсаттармен, сондай-ақ туыстары мен достарына бару және алмасу бағдарламалары аясында визасыз жүре алады.
Еске сала кетейік, Қазақстан мен Қытай арасында да визасыз келісім 2023 жылы енгізілген болатын.


