2021 жылдан бастап балалар оқшауланған.
Сурет: Daily Mail
Бұл туралы Daily Mail порталы жазады. Осындай әрекетке барған ата-ана қамауға алынған.
"Германиялық Кристиан Испанияның Овьедо қаласында жұбайымен 2021 жылы көшіп келіп, баспана жалдаған. Үйдің қақпасы үнемі жабық болған. Көпбалалы отбасыға азық-түлікті курьерлер жеткізіп отырған. Көршілерінің бірі полицияға хабарласып, біртүрлі көршісін тексеруді өтінген. Содан кейін бұл отбасыға сырттай бақылау орнатылды", - деп жазады басылым.
Полиция келгенде үй иелері оларға медициналық бетперде тағып, арақашықтықты сақтаған жағдайда ғана үйге кіргізе алатындарын айтқан. Отағасы үйде бірнеше жыл бойы далаға шықпаған балалары барын айтқан.
"Белгілі болғандай, жасына қарамастан, барлық бала арнайы жөргекпен (памперс) жүрген. Ал оларды сыртқа алып шыққанда олар алдымен абдырап, жан-жағына қараумен болған, содан кейін көгалға жата қалып шөпті сипаған", делінген жазбада.
2021 жылдан бастап балалар оқшауланған. Өйткені олардың ата-аналары коронавирус жұқтырудан қорыққан. Осы уақыт аралығында олар мектепке бармай, кір-қожалақ өмір сүрген. Тіпті, оларда дәретханаға барудың қатаң кестесі болған. Көп уақыт олар жөргекпен жүрген. Балаларға сыртқа шығуға да рұқсат етілмеген.
Қазіргі уақытта балалар қамқоршылық органдарының қарауында. Олармен дәрігерлер мен психологтар жұмыс істеуде.