​Босфордағы жарыс кезінде жоғалған ресейлік спортшы әлі табылған жоқ

0
123

Ыстанбұлдың Бейкоз аудандық прокуратурасы Босфор арқылы жүзу кезінде жоғалып кеткен ресейлік спортшыны іздестіру үшін арнайы тергеу тобын құруды тапсырды.


​Босфордағы жарыс кезінде жоғалған ресейлік спортшы әлі табылған жоқ

Фото: Anadolu

ERNUR.KZ. Түркияда Босфорды жүзіп өтпек болған ресейлік жүзушіні іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр, деп жазады inform.kz.

Ыстанбұлдың Бейкоз аудандық прокуратурасы Босфор арқылы жүзу кезінде жоғалып кеткен ресейлік спортшыны іздестіру үшін арнайы тергеу тобын құруды тапсырды.

Құқық қорғау органдары спортшының суға батып кетпеген болуы мүмкін деген нұсқаны да қарастырып отыр. Осыған байланысты жағалау бойындағы мемлекеттік мекемелердің, қонақүйлердің, дәмханалар мен мейрамханалардың, саябақтар мен өзге де нысандардың бейнебақылау камераларының жазбалары сұратылған.
Прокуратураның тергеу қорытындысы бойынша, оқиға болған күні жергілікті уақытпен 10:08-де жүзушінің құрылғысынан соңғы белгі секіру алаңынан тіркелген. Бірақ мәре сызығына жеткені туралы ешқандай сигнал болмаған.
Еске салайық, 24 тамыз күні Ыстанбұлда өткен құрлықаралық жүзу жарысында 29 жастағы ресейлік Николай Свечников жоғалып кетті. Ол жыл сайын өтетін «Босфор 2025» спорттық шарасына қатысып, мәре сызығына жете алмаған.
Босфор бұғазы арқылы өтетін бұл жарысқа әлемнің 81 елінен 2820 спортшы қатысқан.
Ресейлік спортшының мәреге жетпегені белгілі болған сәттен бастап теңіз полициясы мен жағалау күзеті іздестіру операциясын бастаған. Құтқарушылар Канлыджа–Куручешме арасындағы жүзу бағыты мен Ыстанбұл бұғазы бойында іздеу жұмыстарын жалғастырып жатыр.