Блогер видео үшін ең улы теңіз шаянын жеймін деп көз жұмды

0
89

51 жастағы Амит достарымен бірге мангр орманына барып, теңіз шаяндары мен ұлулар жинаған.


Блогер видео үшін ең улы теңіз шаянын жеймін деп көз жұмды

Фото: Ewout Knoester / Wikimedia

ERNUR.KZ. Филиппинде елдегі ең улы теңіз шаяны – “шайтан теңіз шаянын” жеген фуд-блогер Эмма Амит қайтыс болды, деп жазады stan.kz.

51 жастағы Амит достарымен бірге мангр орманына барып, теңіз шаяндары мен ұлулар жинаған. Кейін ол теңіз өнімдерін кокос сүтінде қайнатып, бүкіл процесті видеоға түсірген. Теңіз өнімдерін жеп, блогына қажет бейнені түсіріп болған соң, достары үйлеріне тараған.

Көп ұзамай Амиттің жағдайы күрт нашарлаған. Ол өз үйінде есінен танып құлап, денесі құрысып, ерні көгеріп кеткен. Әйел жедел түрде жансақтау бөліміне жеткізілгенімен, дәрігерлер оны құтқара алмады. Ал оның достарының жағдайын дәрігерлер бақылауда ұстап отыр, әзірге оларда ешқандай қауіп байқалмаған.

Блогердің өлімінің мән-жайын полиция тексерді. Олар әйел теңіз жәндіктерін дайындаған жерді қарап, сол жерден “шайтан теңіз шаянының” сауыттарын тапқан. Бұл теңіз шаянының еті ерекше улы болып келеді.

Амит тұрған ауылдың басшысы Лэдди Геманг бұл жаңалыққа қатты таңғалғанын айтты. Оның сөзінше, әйел тәжірибелі балықшы болған және “шайтан теңіз шаянының” улы екенін білуі керек еді.

“Онда неге ол оны жеді? Міне, мені таңғалдырғаны осы”, – деді Геманг.

“Шайтан теңіз шаяны” (Zosimus aeneus) – маржан рифтерінде өмір сүретін жәндік. Оны ашық түсті сауытындағы қоңыр дақтарға қарап оңай тануға болады. Оның еті мен сауыты құрамында аса күшті нейротоксиндер – тетродотоксин мен сакситоксин бар. Бұл у қайнатқанда да жойылмайды. Сондықтан бұл теңіз шаяны Филиппиндегі ең улы шаяндардың бірі саналады.