6 қаңтар кешке Бішкектегі қарттар үйінде өрт шықты, салдарынан екі адам қаза тауып, тағы 14 адам ауруханаға жеткізілді.
Фото: ашық дереккөзден
ERNUR.KZ. Қырғызстан астанасы Бішкектегі қарттар үйінде өрт болып, екі адам қаза тауып оннан астам адам жараланды, деп жазады Ulysmedia.
6 қаңтар кешке Бішкектегі қарттар үйінде өрт шықты, салдарынан екі адам қаза тауып, тағы 14 адам ауруханаға жеткізілді. Қаза болғандар паллиативтік бөлімшеде жатқан жағдайы ауыр науқастар болған.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, өрт шыққан жерге өрт сөндіру бригадасы барған. Олар өртті сөндіріп, тұрғындарды қауіпсіз жерге эвакуациялаған.
Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, ауруханаға жеткізілген 14 адамның 13-і түтіннен уланған, бір науқаста бірінші дәрежелі күйік анықталған. Зардап шеккендердің төртеуінің жағдайы орташа ауыр, екеуінің жағдайы ауыр, қалғандарының жағдайы салыстырмалы түрде қанағаттанарлық. Сондай-ақ, қарт науқастардың жалпы жағдайына созылмалы ауруларының болуы да әсер еткен.
Қалалық әкімдіктің хабарлауынша, өрт паллиативтік бөлімшенің бір палатасында шығып, шамамен 30 шаршы метр аумақты қамтыған. Өрт сөндірушілер тоғыз минутта оқиға орнына жеткен. Негізгі ғимарат зақымданбаған, өрт тек паллиативтік бөлімшенің бір палатасында ғана болған.


